24.01.2018, 03:51

Түркістандағы жантүршігерлік қылмысқа қатысты жаңа деректер пайда болды

Түркістанда 180 мың теңге үшін 24 жастағы қыздың айуандықпен өлтірілгенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Жергілікті тұрғындар осынау қылмысқа қатысты жаңа деректерімен бөлісті.

Полицейлер күдіктіні марқұмның ұялы телефоны арқылы тапқан. Ол аталған смартфонды жергілікті базардағы б/у телефон сататын орынға әкеліп өткізіпті. Ондағылар телефон сататындардың барлығын суретке түсіріп алады екен. Өйткені, мұнда әкелінетін телефондардың басым көпшілігі ұрланған болып шығады. Тәртіп сақшыларымен проблема болмас үшін әр сатушыны осылай суретке түсіріп, жеке куәлігінің көшірмесін аламыз дейді базардағылар.

Ұсталғаннан кейін күдікті біраз уақытқа дейін қылмысты мойындамапты. Жас қыздың көлігіне отырғанын, оны базарға дейін апарып тастағанын айтқан ол, ұялы телефонды артқы орындықтан тауып алдым деп тергеушілерді адастырмақ болған. Алайда, тергеу кезінде сөзінен жаңылып, өтірігі шығып қалған көрінеді.

Күдікті артынша мәйітті қайда жасырғанын көрсетіпті. Түркістан іргесіндегі Достық ауылының маңында қамыстардың арасынан табылған қыздың денесін ит-құс жеп кеткен дейді түркістандықтар. Ата-анасы оны әзер таныпты.

Еске салайық, Түркістанда 24 жастағы жас қыз 11 қаңтар күні жоғалып кеткен болатын. Ол үйінен ата-анасының банк карточкасынан жалақыны шешіп алып келемін деп үйінен шығып кеткен екен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Кейін белгілі болғандай, оның ірі көлемде ақша алып жатқанын көрген күдікті өзін "такси жүргізушісімін" деп алдап, қызды базарға дейін апарып тастауға келіседі. Бірақ, жолда адам аз жүретін қуысқа барып, жас жігіт өз құрбанын буындырып өлтірген. Марқұмның әкесінің айтуынша, қыздың денесінде зорлықтың белгілері бар.

Қазіргі таңда полиция күдіктіні ұстап, оны тергеп жатыр.