Ақорданың темір қақпасын көлігімен соғып, артынша жумыстан қуылған астаналық полицей араққа тойып алған, яғни мас болған. Бұл мәлімет Астана қалалық Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының шешімінде көрсетілген.
"Әкімшілік істі өндіріске алу барысында Иманбеков Е.С. көлікті мас күйінде басқарғаны анықталды. Иманбеков Е.С. жол жүру ережесінің 2.4.2,10.1 тармақтарын бұзып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 608-бап бойынша қарастырылған құқық бұзушылық жасады", - делінген сот шешімінде.
Ал, бүгін таңертең тілшілерге сұхбат берген ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин көліктегі полицейлердің сап-сау болғанын сенімді түрде айтқан еді. Тек тайғақ жолда тізгінге ие бола алмағандықтан осындай жол көлік оқиғасы орын алды деді прокурор. Сот шешімі болса өздеріңіз көріп отырғандай, Лукиннің өтірігін шығарды.
Еске салайық, бұл оқиға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған сапары кезінде болған еді. Porsche жол талғамайтын көлігіне мінген Е.Иманбеков пен оның басшысы Достық көшесімен келіп, Ақорданың темір қақпасына соқтығысқан. Кейінірек анықталғандай, ішімдікке тойып алған полицей көлік тізгінін игере алмай қалыпты. Оған себеп жолдың көктайғақ болуы дейді тәртіп сақшыларының өздері.