$ 494.87  520.65  4.91

Атырау облысында аудан басшылары Нұрлан Ноғаевты күтіп алу үшін кәсіпкерлерден ақша бопсалаған

Атырау облысында басшысын «сыйлап» жібермек болған аудан атқамінерлері кәсіпкерден 2 миллион теңге талап еткен деп жазады Ratel.kz.

Атырау облыстық сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30-шы қаңтар күні Мақат ауданы әкімінің орынбасары екі айға уақытша тергеу абақтысына қамалды. Шенеунікке алдын ала сөз байласып параны бопсалады деген айып тағылып отыр.

Яғни қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 1 және 2 тармағы бойынша күдікке ілінді. Бұл жемқорлық істің егжей-тегжейі хабарланбады.

Тұтқындалған әкім орынбасары Жақсылық МҮСЕПОВ. Оны 19 қаңтар күні Жемқорлыққа қарсы Ұлттық агенттік қызметкерлері Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Құралбек АДАМБАЕВПЕН бірге ұстаған.

Ratel.kz дереккөзінің хабарлауынша тергеушілер Мүсепов пен Адамбаев «МасштабСтройГрупп» ЖШС директоры Н.МҰЗРАИМОВТЫ бопсалады деген болжам жасап отыр. Оның фирмасы аудандағы үш ірі жобаның бас мердігері екен. Яғни Мақат кентіндегі «Привокзальный» шағын ауданында 83,9 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын, орталық алаңдағы құрылыс жұмысын 73,6 млн теңгеге және «Болашақ» саяжолын 56,8 млн теңгеге жасауы тиіс. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстарды Мүсепов пен Адамбаев бақылаған.

Тергеушілердің болжамынша, шенеуніктер Мұзраимовтан 2 млн теңге беруін талап еткен. Бұл қаражат облыс әкімі мен оның қасындағы шен-шекпенділерді күтіп алу үшін керек бопты-мыс. Егер кәсіпкер бұл ақшаны бермеген жағдайда мақаттық шенеуніктер құрылыс жұмыстарына қатысты келісім шартты бұзамыз деп қорқытқан.

Фирма басшысы ойлана келе жарты миллион теңге ұсынған. Шенеуніктер келіскен. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының ортасында Атырау облысының аудан әкімдері Нұрлан НОҒАЕВҚА есеп берді. Облыс басшысы Мақат кентінде 18 қаңтарда болған еді. Кәсіпкер Мүсепов пен Адамбаевқа келісілген ақшаны аудан орталығынан әкім кеткен күннің ертеңінде берген.

Айтпақшы, істегі сот материалдары бойынша, облыстан келген «мәртебелі қонақтарды» күту үшін 700 мың теңгедей ақша кеткен екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары