Жұма күні 2-ақпанда Шығыс Қазақстан облысында ауданаралық мамандандырылған сотта ұйымдасқан халықаралық қылмыстық топтың үкімі шықты. Олар заңсыз құмар ойын бизнесімен айналысқан. Қылмыскерлер қатарында полиция офицерлері де бар деп жазады Ratel.kz.
Тергеушілер Әділбек АКЕНОВ, Анатолий ДИОНИСИАДИ, Михаил ПОНЬКИН, Вячеслав ПРИХОДЬКО, Антон ТУТУНКИН, Игорь СИДОРОВ, Ермек СЫДЫҚОВ және Рустам ӘМРЕНОВҚА халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып таққан.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, бұл топты ұйымдастырушы Әділбек Акенов пен Анатолий Дионисиади. Рустам Әмренов, Ермек Сыдыков (полиция полковнигі және 1-санаттағы заңгер) өз қызметтерін пайдаланып, қылмыстық топты қамқорлықтарына алған.
Былтыр бұл туралы БАҚ өкілдері жазған болатын. Сол кезде Өскемен прокуратурасының аға прокуроры Рустам Әмренов пен ШҚО, Зырян аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ермек Сыдықов уақытша тергеу абақтысына қамалған еді. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланып, өңірдегі жасырын құмар ойынханалар бизнесіне қамқорлық көрсетті деп күдікке ілінген еді.
- Өткен жылдың қазан айынан бері ШҚО-ның прокуратурасы заңсыз ойын бизнесімен айналысу дерегін тексеріп жатыр. Белгілі болғаны, қылмысты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған. Оның ұйымдастырушысы - Ресей Федерациясының азаматы.Сондай-ақ, қылмыстық топқа Зырян АІІБ-нің бұрынғы басшысы мен Өскемен прокуратурасының аға прокуроры көмектескен. Көрсеткен қамқорлығы үшін олар қылмыскерлерден 150 мыңнан 800 мың теңгеге дейін сыйақы алып отырған, - деген еді 2017 жылы мамыр айында ШҚО прокуратурасының ресми өкілі Болатхан НҰРЫШКЕНОВ.
Сол кезде прокуратура өкілі бұл қылмысқа қатысы бар тағы да полиция қызметкерлері болуы мүмкін деген еді. Сондай-ақ, ШҚО Мемлекеттік кіріс департаменті, экономикалық тергеу қызметі басқармасының бұрыңғы басшысы Олжас ОРАЗҒАЛИ әлі күнге дейін халықаралық іздеуде.
«2014 жылдың басында Дионисиади, Акенев және Ресей азаматы ЧЕРНЫХ ҚР заңына қайшы келседе трансұлттық қылмыстық топ құрды.Олар «Лотерея» ойнатқан болып заңсыз ойынханаларды құруды жоспарлаған. Жымысқы жоспарларын өздері іске асыра алмайтындарын білген олар 2014-2016 жылдары қатарларына Алтынбаев, Приходько, Тутункин,Сидоров, Кошелев және Понькинді тартқан. Кошелев және Понькин Дионисиадидің тапсырмасымен күн сайын Черныхқа есеп беріп, оған өз үлесін салып жіберіп отырған. Сондай-ақ, істерін жалған құжаттар арқылы жүргізіп отырған,- деді сотта мемлекеттік айыптаушы.
Алайда, сот отырысында айыпталушылардың бірі де тағылған айыптармен келіспеді.
Судья Қуаныш ЗАБЕНОВ қылмыстық топты ҚР ҚК-нің 264 мен 307 баптар бойынша кінәлі деп тапты. Анатолий Дионисиади 11 жылға, Әділбек Акенев 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Ермек Сыдықов пен Рустам Әмренов 12 жыл 3 айға кесіліп, шендерінен айрылды. Қылмыстық топтың қалған мүшелері 4 жыл 3 айға түзету мекемелеріне тоғытылады.Судьяның үкіміне сәйкес барлығының дүние-мүлкі де тәркіленетін болады.