Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты зейнеткерді өлтірген ер адамға үкім шығарды деп жазды "Мой город".
Іс материалы бойынша, 2017 жылдың 23 тамызында бұрын сотталған Мақсұт Исмағұлов Новенький ауылындағы марқұмның үйіне келіп, араққа ақша сұрайды. Зейнеткер ақша беруден бас тартқан кезде ауыл тұрғыны қоршаудан секіріп түсіп, жерде жатқан таяқты үй есіне лақтырады, таяқ оның басына тиген. Исмағұлов құлап қалған әйелді үйге сүйреп кіргізіп, ұрып-соққан. Осыдан кейін қолғап киіп, әйелді басқа бөлмеге кіргізіп, кілеммен үстін жауып қойған. Содан соң сотталушы 4800 теңге мен ноутбукті алып, есікті жауып, кетіп қалған.
Исмағұлов сотта қылмысты басқа біреулер жасағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, үш жігіт арақ ішіп, ұйықтап жатқан жерінен қара көлікке отырғызып алып кеткен.
"Сотталушының айтуынша, жігіттер оны елді мекенге әкелген, көлік зардап шегушінің үйіне жақын маңда тоқтаған. Ол белгісіз екі адаммен көлікте қалып, ішімдік ішкен, ал жігіттердің бірі кетіп қалған. Ол қайтып келген кезде Исмағұловты Деркүл елді мекені аумағында көпірге алып келіп, барлығын өз мойныңа аласың, әйтпесе туыстарың зардап шегеді деп қорқытқан. 27 тамыз күні Исмағұлов әпкесі тұратын Зачаганск елді мекені аумағында ұсталды", — деді судья Бақыт Ермаханов.
Сот Мақсұт Исмағұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Кісі өлтіру) және ҚР ҚК 188-бабында (Ұрлық) қарастырылған қылмысты жасады деп танып, оны 11 жылға бас бостандығынан айыруға қаулы шығарды. Сондай-ақ сотталушы моралдық шығын ретінде марқұмның қыздарына 2 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Дереккөз: Sputniknews.kz