Алматы облысында 3 жасар өгей қызының мұрнын тістеп алған ер адамның ісі сотқа өтті деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
"Алматы облысының №2 ювеналды сотына К. есімді азаматқа қатысты іс келіп түсті. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-тармағының 3 және 11-ші тармақшалары бойынша айыпталуда", - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Яғни, кәмелет жасына толмаған әрі қорғансыз күйдегі баланың денсаулығына зақым келтіргені үшін күдікті сот алдында жауап беретін болады.
"Ер адам азаматтық некедегі әйелімен жанжалдасқаннан кейін алкогольді ішімдікке мас болып, 2014 жылы туған өгей қызын ұрып-соғып, денесінің біраз бөлігін жаралап, мұрнының ұшын тістеп жұлып алған", - дейді сот өкілдері.
Белгілі болғандай, күдікті ер азамат бұған дейін қыз зорлағаны үшін сотталған екен. Оның жасы 32-де.