Осыдан 7 жыл бұрын 9 жастағы алматылық қызды жақын туыстарының бірі зорлаған. Анасы болса, қызының құқын қорғаудың орнына «айтсаң сені ешкім де жақсы көрмейді, ешкімге тіс жарма» деп қыздың аузын жауып тастаған. Бұл туралы #НеМолчи бастамасының көшбасшысы Дина Смаилова баяндап берді.
Дәл қазір Дина Смаилова 16 жастағы қыз бен оның әжесіне көмек қолын созып отыр. Жараның бетін тырнамас үшін Дина бұл жағдайды өзі баяндап берді. Қыз бала осыдан 7 жыл бұрын туыс ағасымен үйде жалғыз қалады. Ер азамат қызға бас салып, қарсылығына қарамастан оны зорлап тастайды. Ең сорақысы – болған жағдайды анасына айтқан қыз одан мынадай жауап естіген: «Ешкімге тіс жарма. Сосын сені ешкім де жақсы көрмейді».
«Анасы туыстарымен бірге қызды 12 жасына дейін таяқтап келген. Қыз бала әкесі қайтыс болған соң, әжесінің үйіне қашып кеткен. Әжесінің жанына үсті-басы көгеріп келген», – деді Дина.
«Қылмыстық іс 2015 жылдан бері қозғалып келеді. Туыстары да қызды зорлаған ағасының жағына шығып отыр. Шешесі аналық құқықтан айыруды сұраған. Бойжеткен болса, анам деп шешесін есепке де алмайды. «Ол мені үнемі мазақтап келді. Жек көремін оны» деп отыр», – деген Смаилова баласы осылай айтатындай тасжүрек ананың жауыздығына таң қалғанын жасырмады.
Қыз бала түнімен шошынып, ұйықтай алмай, күйзелісте жүреді. Әжесі немересін гинеколог дәрігерге апарғанда бәрі белгілі болады. Қыз сексуалды зорлықтан тапқан ауруынан емделеді. Психологтың қабылдауында болады. Бірақ бойжеткен өмір бойы гинекологиялық жазылмас дертке шалдыққан. Әжесі де барынша немересіне қолдау көрсеткенімен жағдайы жетісіп отырған жоқ. Семей полигонының ардагері бүгінде бір бүйрекпен ғана әупірімдеп өмір сүріп жүр.
Дәл қазір бұл іспен прокуратура өкілдері және бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева айналысып жатыр.
«Өткен жылы 2085 әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Олардың 904-нің ісі жылы жабылып кетті», – деді Дина Смаилова.