29.03.2018, 11:36

Астана тұрғыны жезөкшелікпен айналысуға пәтерін жалға берген

Астанада жезөкшелікпен айналысуға пәтерін жалға берген пәтер иесіне 240 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ағымдағы жылдың наурыз айында «Сарыарқа» ауданы ІІБ-ның Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен әкімшілік аймақты тексеру барысында ӘҚБтК 450 б. 1 т. бойынша «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» фактісі анықталды.

Пәтер иесі С. есімді азаматша Біржан Сал көшесінің бойында орналасқан өзінің тұрғын үйін жезөкшелікпен айналысатын үш жеңіл жүрісті қызға жалға берген.

«Астана қаласының Мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 39 жастағы С. есімді азаматша ӘҚБтК 450 бабының 1 т. «Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК (240 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды және қызметі 3 айға уақытша тоқтатылды», – деп жазылған ІІД хабарламасында.

Жыл басынан бері Астана қаласының полицейлері осындай фактілерге ұқсас 5 құқықбұзушыға 1 млн 200 мыңнан астам айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Дереккөз: Baq.kz