"Немерем жоғары сынып оқушыларынан сексуалды зорлық көрді" деген әжей егер медициналық сараптама қорытындысы бойынша зорлық белгілері жоқ болып шықса, өзін қамауға алуға қарсы болмайтынын жеткізді.
Себебі, полицейлерге шағым түсірмес бұрын оған құзырлы органдағылар егер жалған арыз берілсе, оның жазасы болатынын түсіндірген екен.
«Егер мен өтірік жала жауып, балаға үйретіп жүрсем, қамай берсін. Мен баланың айтқанын айттым. Баламның мұңын мұңдадым», - деді әжей.
Осы ретте заңгер Айгүл Орынбектен медициналық сараптама дәлелін таппаса, кімге және қандай жаза берілетіні туралы сұрап білдік.
Заңгердің айтуынша, кез келген арызданушыға құзырлы органдарға шағым түсірмес бұрын өз құқығы түсіндіріледі.
«Егер арызданушы көпе-көрнеу жалған сөз жеткiзген болса, Қылмыстық кодекстің 419 бабы бойынша жазаланатыныда ескертіледі. Қылмыстық жаза арызданушының берген шағымына қарай сараланады.
Қылмыстық теріс қылық жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу:
Үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады;
Қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу:
Үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан не пайдакүнемдiк ниетпен жасалған іс-әрекет:
Үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
Осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топтың мүдделерiне орай жасалған іс-әрекеттер:
Бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады»,-деді заңгер.
Айта кетерлігі, Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы жеті жасар бала ісі наурыз айында күллі елге белгілі болып, қоғамдық резонанс тудырған еді. 62 жастағы жергілікті тұрғын бірінші сыныпта оқитын немересін жоғары сынып оқушылары бірнеше ай бойы зорлап келгені туралы айтып, жанайқайын жеткізген болатын.
Жеті жасар баланы өз қамқорлығына алған қоғам қайраткері Аружан Саин күні кеше бұл іске шетелден сарапшы мамандар тартылғанын мәлім етті.
Дереккөз: NUR.KZ