Оңтүстік Қазақстан облысында әйелін өлтіріп, кейін асылып қалды деп жасырған тұрғын сотталды. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылының 33 жастағы тұрғынын 11 жылға бас бостандығынан айырды, деп жазады ҚазАқпарат.
Судья Дәурен Мадалиев қараған сот барысында Е. есімді айыпталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі «Қасақана кісі өлтіру» бойынша кінәлі деп танылып, жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Айта кетейік, қылмыстық оқиға 2017 жылы қаңтарында Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында болған еді. Айыпталушы әйелінің қорада асылып қалғанын айтып, полицияға хабар берген. Алайда, марқұмның туыстары қызының өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін алға тартып, тәртіп сақшыларына шағымданады. Себебі, 32 жастағы келіншек үнемі төркініне соққыға жығылатынын айтып келген. Ал, қайтыс болар алдында ол өзіне белгісіз әйел хабарласып, күйеуінің көңілдесі бар екенін айтқан. Тіпті отағасының өзін үйден қумақшы болғанын да жеткізген екен. Осы жағдайдан кейін оның өлі денесі табылған еді. Осыған қарамастан алғашқы сот-медициналық сараптама қорытындысы екі баланың анасының соққы алмағанын көрсетіп, «марқұм өз-өзіне қол жұмасаған» деген шешіммен іс жабылған болатын.
Алайда, марқұмның туыстары мұндай қорытындыға қанағаттанбай, облыстық ІІД мен «Сана сезім» әйелдердің құқығын қорғау орталығына шағымданған. Осыдан кейін араға айлар салып, қылмыстық іс қайта қозғалды.
Марқұмның мүрдесі қазылып алып, сот сараптамасы жүргізілді. Нәтижесінде, келіншектің ауыр соққыдан қабырғаларының сынғаны және бірнеше жерден жарақат алған анықталған. Ал, оның күйеуі адам өлтірген деп айыпталып, қамауға алынған еді. Тергеу барысында сезіктінің қылмысы толығымен дәлелін тауып, сотқа өткен болатын.