Редакциямызға Қуанышбек Тұрсынбек ұлы деген азамат арнайы іздеп келіп, ата-анасының бірдей қытайдың «саяси үйренуінде», концлагерьде қамауда жатқанын айтып, сол жайлы сұхбат беретінін, еш нәрсені жасырмай ашық айтатынын, бұл тіптен әкесінің қамалар алдында wechat желісі арқылы айтқан аманаты екенін айтқан еді деп жазады Аtajurtjastar.com.
- Қуаныш Тұрсынбекұлы, сәлеметсіз бе, айта беріңіз?
- Не айтайын, айдың-күннің аманында ата - анамнан тірдей айрылып отырмын, бұл нәубет Алаш жұртының басына бұрын - соңды түсті ме, білмеймін? Бірақ мынау көрші елдің зауалы, басымызға үйірілген айықпастай қара бұлт болды. Отбасымыздың берекесін қашырды, екіге бөліп еңіретіп отыр, сол жанымызға батады. Бұған дейін жіберіп қалар деп, тіптен әкем «айтыңдар, елден-жұрттан көмек сұраңдар, үндемей қалсаңдар, сұраушысы жоқ панасыз деп, бізді жоқ қылып жіберуі де мүмкін, қытайдан қорқып әке-көкелегенді қойыңдар» деп аманаттаған еді, соңғы сөйлескенімізде (ол сөйлескеніміздің аудио жазбасы да бар). Сонда да айтпай келіп едік. Енді аянатын неміз қалды, үнсіздіктен үмітіміз үзілді, сонау шалғайдағы ауылда ішімдегіні тап деп жата берсем, кім қалай естиді біздің жан айқайды, ақыры жібермеді, енді үнім жеткен жерге дейін айтамын.
Қайда тұрасыз, ата-анаңыз қашан қамауға алынды?
Атамекенге біржола семьямызбен көшіп келгелі 5 жыл болды.
2013 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Мақаншы районы, Көктерек қыстағына тұрып келеміз. Өзім азаматтық алғам. Әке- шешем ықтиярхатпен жүрген. Әкем Бердібек Қадылбекұлы 60қа таяп қалды, 1960 жылғы, ҚХР, ШҰАРдың Шағантоғай деген қаласында қамауда жатқалы бір ай болды. 2018 жылы, науырыздың төртінде өзінен 3 ай бұрын қамауда жатқан анамның жағдайын білуге барғанда ұсталды. Анам Нұрсәуле Қабдоллақызы 1956 жылы туған, Шәуешек қаласында 2017 жылы 9 желтоқсаннан бері концлагерьде қамауда. Екеуі бірге 05.10.2017 жылы туыстарды көріп келуге кеткен болатын. Анамды еш себепсіз алып кеткен, таққан айыптары «Неге Қазақстандағы балаңның қолында жүресің?» деген көрінеді. Әкем соңғы рет наурыздың 4 күні анамды көруге барған. Арнайы орында видео камерамен сөйлестірген. Анамның жағдайы өте қиындап, денсаулығы нашарлап кеткен дейді. Жейтін тамақтары да тым нашар, капустаны суға қайнатып бере береді екен. Көзі жақсы көрмей қалған, ең сорақысы анамның шашын желкеден қиып тастаған, онымен қоса асқазаны да ауырып тамақты жақсы іше алмай қалған. Соған шыдамаған әкем заңсыз әрекеттерін ашық беттеріне айтып, қарсылықтарына қарамай, кемпірімді босатыңдар, емдетем деп қатты-қатты айтқан екен. Келесі күні 5 наурызда полицейлер үйден шақыртып әкемді де ұстап кеткен. Бұл қытайдың не әкесінің құны қалды білмеймін, ұстап кеткен күні ертесінде 6 наурыз күні әкем ауруханадан бірақ шыққан, не себепті түскені белгісіз. Аудандық ауруханада , екі адам күндіз-түні күзетіп тұрады екен.
- Әкеңіз ұсталып кеткеннен кейінгі ақпараттарды қайдан алып отырсыздар?
- Қарындасым айтып беріп отыр wechat арқылы. Жұмасына бір рет кездестіріп, видео камера арқылы үлкен экраннан көрсетіп сөйлестіреді екен. Қарындасымның телефонының id кодын жазып алыпты, кіммен не сөйлескенін тыңдап отыратын көрінеді, қарындасым аянып отырған жоқ, wechatпен Қазақстанмен сөйлесуді шектесе де, күнде сөйлесе береді. Менің өзім қорқам, маңызды ақпараттарды ғана айт, сені де алып кетпесін деп отырам. Әкем де ұсталар алдында ақыры әкетеді деп, wechatта бәрін айтқан болатын. Қарындасымнан да алаңдаймын, ол тіптен өмірінен түңіліп жүр, қамауда болмаса да қатты қиналуда.
- Ата-анаңызды қашан босататынын айтпап па?
- Ешқандай уақыт белгілемеген. Ең жаманы сол қашан шығатынын да білмейміз. Ендігі ұсталғандарды қытайдың ішкі өлкелеріне әкетіп жатыр деп естідік. Екеуінің де денсаулығы қатты нашар, күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ, ішкеніміз ірің болды. Кімнің қолынан көмектесу келеді, бәрінен көмек сұраймын, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан, ел тізгінін ұстап отырған ел ағаларынан, Сыртқы істер министрлігінен, бәріне арызымды да жаздым, міне, адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарға да жаздым. Екі елдің өкілетті елшілерінен де көмек сұраймын.
- Сізден басқа осындай зардап шегіп отырғандар бар ма ауылдарыңызда?
- Ондай отбасылар Үржар, Мақаншыда жетеді. 90дай семья бар, бәрінің бір -бір туысқандары Қытайда, концлагерьде қамауда, паспортын тартып алған, сондай белгілі себептермен екіге бөлініп-жарылып, қиындық көріп отырған семьялар өңкей. 3-4 шиеттей бала-шағасымен келіншектер бар, жұмысқа да шыға алмай қатты қиналып отыр, оларға осылай Алматыға келерде мен арыздануға бара жатырмын, арыздарыңды беріңдер ала ктетейін десем, ешқайсысы бермейді. Көбі қытайдан қорқады, біздің арызданғанымызды біліп, қамауда жатқан адамдарды өлтіріп тастаса қайтеміз дейді, кейбіреулерінің кімге, қалай арыз жазуға сауаты да жетпейді, солай қаншама семья жылдан асты, үнсіз қиналып жатыр.