Шымкентте полицейлер әулетінің баласы сотталды. Қалаға қарасты Қаратау аудандық сотында ОҚО ІІД Сайрам аудандық ІІБ бұрынғы бөлім басшысы Жандос Оразалиевке қатысты сот үкімі оқылды. 32 жастағы бұрынғы тәртіп сақшысы жол көлік оқиғасында адам қағып өлтіргені үшін айыпталды. ҚР ҚК-нің 345 бабы, 3 бөлігімен, яғни «Жол ережесін бұзып, абайсызда адам өлтіргені» үшін сотталды деп жазады Otyrar.kz.
Сот тергеуі барысында 2017 жылдың 17 тамызында кешкі сағат 19.30-дар шамасында әпкесі М.М.Оразалиеваның атына рәсімделген «БМВ 520» маркілі автокөлігімен өз үйіне, яғни Ақсукентке қарай жол тартқан. Ешқандай рұқсат етілген құжаттарсыз көлік мінген сотталушы №27 мектептің маңында жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан отбасын қағып кеткен.
Салдарынан 1980 жылы туған отағасы сол жерде көз жұмған. 7 жасар ұлы мен әйелі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген болатын. Оразалиевке 2 жыл алты ай бас бостаныдығынан айыру жазасы кесілді. 4 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды. Тағайындалған жаза шартты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.