Қытайда есірткі тасымалдады деген айыппен өмір бойы бас бостандығынан айрылған қазақстандық бойжеткен Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді.
Бұл туралы оның қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов хабарлады.
«Қытайда заңмен белгіленген уақыт аралығында Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты шыққан сот шешіміне апелляциялық шағым түсірдік. Қорғаушы тарап Ақжарқынның кінәсіздігін әлі дәлелдеуге тырысады. Алдын ала ақпарат бойынша, ҚР СІМ дипломатиялық жолдар арқылы Қытайдағы жоғарғы сот органдарына апелляциялық шағым жолдады. Шағым қаралатын күн белгіленген кезде қорғаушы тарап пен Ақжарқынның туыстары Қытайға аттанамыз», - деді С.Нұрмағамбетов.
Адвокат мәселенің оң шешімін табарына үміттеніп отыр.
Айта кетейік, былтыр наурыздың 3-інде 20 жасар қазақстандық бойжеткен Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оның сөмкесінен тәртіп сақшылары есірткі тапты. 1 жылдан аса уақытқа созылған сот процесінен кейін Қытай соты оны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
ҚР СІМ өкілдері Қытай мен Қазақстан арасындағы сотталғандармен алмасу бағдарламасына сәйкес оны отанына қайтару мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.