Жуырда Шымкент қаласындағы Абай аудандық соты Шымкент қалалық қылмыстық-атқару инспекциясының пробация бөлімшесінің инспекторына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
2015 жылдың қаңтар айында Шымкент қаласының тұрғыны Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментіне Шымкент қалалық қылмыстық-атқару инспекциясының пробация бөлімшесі инспекторының өзінен пара ретінде 1000 доллар сұрағаны туралы шағымданған.
2015 жылдың қаңтар айының жексенбі күні, түскі уақытта ОҚО ІІД қызметкерлері пробация бөлімшесінің инспекторын 800 доллар пара алу барысында қолға түсіріп, инспектордың үстінен ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалады.
Облыс прокуратурасы ҚР ҚПК-нің 193-бабының 3-бөлігіне сай, аса ауыр қылмыстар бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты және сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстық істер бойынша процесс прокурорын айқындауды іс-тәжірибеде кеңінен қолдануда. Осыған орай аталған жәйт бойынша облыс прокурорының қаулысымен басқарма прокуроры А.Бекбауов процесс прокуроры ретінде тағайындалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысын қадағалап, бірінші сатыдағы сотта мемлекеттік айыптауды қолдады.
Соның нәтижесінде сотта Шымкент қалалық қылмыстық-атқару инспекциясының пробация бөлімшесінің инспекторының кінәсі дәлелденіп, сот оның мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруға және 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.