Жуырда Шымкент қалалық Әл-Фараби аудандық соты Оңтүстік Қазақстан облыстық білім саласын бақылау жөніндегі департаментінің басшысы А.Жақсылықовқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Skifnews тілшісі.
Департамент басшысының үстінен пара алу – Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Сот А.Жақсылықов 51,6 миллион теңге айыппұл төлетуге және дүние-мүлкін тәркілеуге, сонымен қатар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айыруға үкім етті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті А.Жақсылықовты қызметтік кабинетінде өзі басқаратын департаменттің бір бөлімінің меңгерушісінен 860 мың теңге пара алу үстінде қолға түсірген. Мұнша қаражат Шымкенттегі бір орта мектептің аттестация көрсеткішін жақсы етіп көрсету үшін берілген екен.
Айта кетелік, Оңтүстік Қазақстан облысында 1022 мектеп, 1416 мектепке дейінгі мекеме, 92 колледж және 13 интернат бар. Бұл мекемелер әрбір бес жылда бір рет аттестациядан өтуі тиіс. Ал, 2015 жылға 310 мектепті аттестациядан өткізу жаспарланған екен. Оның 8-і – мемлекеттік колледж, 6-ы – жеке меншік колледж, 211-і – мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер.
Департамент басшысына берілген 860 мың теңге Шымкенттегі бір мектептің 64 мұғалімінен жиналған және делдал арқылы А.Жақсыбековке берілген.