Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында Мақтарал ауданының ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Мырзалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ОҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі.
Мақтарал ауданының ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.Мырзалиев бір азаматшадан пара алу барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерінің қолына түскен болатын. Полковник параны әлгі азаматшаның туысын қылмыстық жауапкершілікке тартпай, оған қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін сұраған.
Мақтарал ауданының ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигінің үстінен ҚР ҚК 366-бабы 2 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, жуырда Мақтарал аудандық соты осы іске қатысты үкім шығарды.
Сот полиция полковнигі А.Мырзалиевті ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оны өмір бойына ішкі істер органдарында лауазымдық қызмет атқару құқығынан айырды. Жеке мүлкін тәркілеу, алған парасының алпыс еселенген соммасы мөлшерінде айыппұл салуға үкім етілді. Айыппұл мөлшері − 18 миллион теңге. Сонымен қатар, А.Мырзалиев Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 49-бабы негізінде "полиция полковнигі" арнаулы атағынан айырылды.