21.07.2015, 09:45

Елордалық полицейлер 97 килограмнан асатын «марихуананы» тәркіледі

mimi-gallery.com

Елордалық полицейлер «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын іске асыру шеңберінде қалаға кіреберіс шеп бекетінде салмағы 97 килограмнан асатын «марихуананы» тәркіледі, деп хабарлайды ішкі істер депратаментінің баспасөз қызметі.

«Көкнар-2015» жедел алдын алу іс-шарасының барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлері қалаға кіреберіс шеп бекетінде құжаттарды тексеру мақсатында Тараз-Астана бағыты бойынша келе жатқан автобусты тоқтатты.

Астана қаласы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері автобусқа тексеріс жүргізу барысында жүк бөлігінде есірткі заттары табылған екі сөмкені тауып, есірткіні тәркіледі.

Арнайы есірткілерді іздеуге үйретілген полицияда 6 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан «Арни» атты лабрадор ретривер тұқымынан шыққан қызметтік ит салмағы 97 килограмнан асатын «марихуананы» анықтады.

Тыйым салынған заттарды санамағанда, Арнидің қызметтік жылдар есебінде 50-ге жуық түрлі есірткі құралдарын табу фактілері бар.

Ағымдағы жылдың 6 айының ішінде ғана елордалық ІІД Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 175 кг жуық түрлі есірткі құралдары анықталып, тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталмыш факт бойынша есірткі құралдарын заңсыз тасымалдауға қатысты барлық сыбайластарды құрықтауға жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Аталмыш факт ҚР ҚК 297 б. 3 т. сотқа дейінгі тергеулерді бірыңғай тіркеуіне алынды.

zS