24.07.2018, 10:11

Ақтөбеде 52 адамның тірідей жанып кетуіне байланысты сот отырысы басталды

Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотында Өзбекстанның 52 азаматы қаза болған автобустың өртеніп кету дерегі бойынша сот отырысы басталды деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сотталушылардың адвокаттары соттың қылмыс болған жер - Ырғызда емес, Ақтөбеде өтуі жайлы өтініш айтқан болатын. Бүгін осы іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті.

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 314-бабының 2-бөлігіне сәйкес, тергеу аяқталған соң іс сотқа жолданды. Қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс Ырғыз ауданында басталды, бірақ тергеу жұмыстары Ақтөбеде аяқталды. Сондықтан қылмыстық іс Ақтөбе қалалық сотында қаралуы тиіс» , - деді адвокат Нұржамал Ажиғалиева.

Қалған адвокаттар да оның өтінішін қолдады.

Еске салайық, биыл қаңтар айында Ақтөбеде автобус өртеніп, 52 адамның қаза тапқаны жайлы хабарланған болатын. Ikarus маркалы автобустың 18 қаңтарда сағат 10:30-да Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Самара - Шымкент тасжолының 1068 шақырымында Қалыбай ауылынан 10 шақырым жерде өртенгені айтылған еді. Автобустың ішінде 55 жолаушы және екі жүргізуші болған. Оның бесеуі автобустан шығып үлгерген. Кейін оқиға орнынан түсірілген видео мен фотосуретер жарияланды.