28.07.2015, 11:52

Сот Ахметов адвокатының өтінішін қабылдамады

kapital.kz

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен Қарағанды әкімдігіндегі бұрынғы қызметкерлер ісін қарап жатқан сотта  судья айыпталушылардың адвокаттары берген барлық өтінішті қабылдамай тастады. Ахметов пен бұрынғы қызметкерлерге коррупциялық қылмыс бойынша айыптар тағылған.

Азаттықтың хабарлауынша, Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Исламхан Есенбаев айыпталғандардың адвокаттары бүгін түске берген өтініштің барлығын қанағаттандырудан бас тартты.

Бүгін Серік Ахметовтің адвокаттары сот ісінде процессуалдық заң бұзушылық бары туралы мәлімдеп, істің бір тармағы бойынша мемлекетке 95 миллион теңге шығын келгені туралы эпизодты алып тастауды сұраған. Бұрынғы бірнеше шенеуніктің адвокаттары бүгін соттан істе "қылмыс белгісі жоқ" екенін айтып, процесті тоқтатуды сұраған. Айыптаушы жақ - прокурорлар соттан бұл өтінішті қабылдамауды сұрады.

Серік Ахметов пен 21 шенеуніктің ісіне қатысты алғашқы тыңдау 27 шілдеде басталған. 

Экс премьер-министр Серік Ахметов 2014 жылдың қараша айынан бері үйқамақта отыр. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев пен Қарағанды қаласының экс әкімі Мейрам Смағұлов өткен жылдың күзінде қамауға алынған. Оларға қызметін асыра пайдаланды, бюджет ақшасын заңсыз иеленді деген айыптар тағылған.