«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің үй қамауындағы мерзімі 12 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова.
«Астанадағы Алматы аудандық №2 соты ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлігінің «б» тармағы бойынша күдікті Талғат Ермегияевқа қатысты үй қамауына алу мерзімін үш айға дейін ұзарту жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Яғни осы жылдың 12 қыркүйегіне дейін», — деді Баянова.
16 шілдеде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының жетекшісі Айгүл Шайымова «Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегиявқа қатысты іс туралы жаңа мағлұматтарды жария етті. Ол кезде Ермегияевтің пара ретінде қолма-қол 4 миллиард 200 миллион теңге алғаны анықталды.
Еске сала кетейік, 12 маусымда «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияевті үй қамауына алу туралы санкцияны Астана қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты берген. Мұндай бұлтартпау шарасын сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокуратура ұсынды. Талғат Ермегияевқа Қылмыстық Кодекстің 176-бабы бойынша айып тағылып отыр.