$ 482.86  533.17  5.08

Енді дәрігерге кеш жүгінгендер жазалануы мүмкін

Өзінің, балаларының немесе жақын адамдарын дәрігерге кеш емдеткен қазақстандықтар жауапқа тартылуы мүмкін деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзі мен балаларының денсаулығына немқұрайлы қарағандарды жауапқа тарту керек. Мұны бәрі қолдайтын шығар. Жүкті әйелдер, босанушы әйелдер дәрігерге кеш қаралғанда, мамандардың кеңесін құлақ аспайтын аналарға, скринингтен өтпейтіндерге, екпе салдырмайтындарға шара қолданамыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Астанада «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі» туралы жаңа кодекс жобасын талқылау кезінде.

Министр барлық азаматтың Үкімет белгілеген көлемдегі және әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы тегін медициналық көмекті ала алатынын айтты.

«Әзірге айыппұл саны мен әкімшілік жауапкершілік түрлері анықталған жоқ. Адамдардың денсаулығын немқұрайлы қарағанынан біз экономикалық, әлеуметтік және моральдық шығынға ұшыраймыз. Біздің мақсат – бірінші кезекте науқастардың денсаулығына салғырт қарауының алдын алу», – деді министр.

Министр мұндай жауапкершілік шараларының халықаралық тәжірибеде бар екенін жеткізді.

«Басқа елдерде скринингтік тексеруден уақытында өтпегендерге айыппұл салынады. Бізде де солай болу керек. Бізде медициналық сақтандыру жүйесі дамымаған. Тек өзге елге барарда ғана ерікті жеке сақтандыру жасатуды ұсынады», – дейді Біртанов.

Айтуынша, денсаулыққа қатысты Кодекс жобасы 2019 жылдың алғашқы жартыжылдығында парламентке жіберіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары