$ 486.44  534.31  5.06

Сот қоғамдық бірлестік шағымын мақұлдады

Оралдағы «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі шетелдік www.cnl.tv сайты арқылы діни экстремизм материалдарын таратып отырғандарын анықтап, Орал қалалық №2 сотына атылмыш сайттың ел аумағында таралуына тыйым салу туралы шағым түсірді.

Қоғамдық бірлестік мамандары сайтта Артур Симонянның бейнежазбалары орналасқанын анықтаған. Интернет деректеріне сүйенсек, Артур Симонян – Армениядағы «Өмір сөзі» евангельдік христиан шіркеуінің аға пасторы. Евангелдік сенім протестантизмнің тармағы – баптистерге тән. Шешендігімен танымал Артур «CNL», «ТБН Россия» және АҚШ-тағы «ITN», эстондық «LIVE» атты христиандық спутниктік телеарналарда діни уағыз айтады және бағдарламаларын жүргізеді. Симонян бұрын Мәскеуде бизнеспен айналысқан. Бір сұхбатында түсінде «тозақты көріп», құдайға бет бұрғанын айтады. Содан туған жері – Арменияға оралып, миссионерлікпен шұғылданған. Артур Симонян 2015 жылы Қазақстанға келіп, Алматы қаласындағы «Жаңа өмір» шіркеуіне келіп, уағыз айтқан. Орал қалалық №2 сот www.cnl.tv сайтында діни экстремизмге үгіттейтін материалдың белгілері бар деп таныды. CNL христиандық телеарнасының негізін пастор Максим Максимов 2000 жылы қалаған. Сол жылы Алматы қаласындағы ірі кабельдік желілер арқылы хабар таратқан. 2002 жылы спутник арқылы хабар тарата бастаған телеарна қазіргі уақытта евангелдік сенімді үгіттейтін бағдарламаларын Сібір мен Орталық Азиядан бастап Израильге, Солтүстік Африка, Еуропа, Америка елдеріне көрсетеді.

Сот материалдарына сәйкес, С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің мамандары зерттеуі қорытындысында А. Симонян адам санасын өзгертуге бағытталған нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛП) және психотүзету әдістерін қолданатыны анықталған. Бұл әдістер медицина саласында кеңінен қолданылады және оған арнайы лизенция қажет. А.Симонянның психологиялық психотерапевтік әдісі адамның тұлға ретінде дамуына кедергі келтіріп, әлеуметтік күйзеліске ұрындыратын жағдайға душар етіп, тіпті, ес-түсінен айырылатындай деңгейде ықпал ете алады. Уағызшы өз іліміне сенушілердің санасын жаулай отырып, тыңдаушылардың психологиялық жай-күйіне ұдайы кері әсерін тигізеді. Симонянның үгіт тәсілдері тыңдаушылардың санасына жағымсыз ықпал етіп, денсаулығына зиянын тигізетіні анықталған.

ҚР «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 1-бабының 5-тармақшасында экстремистiк әрекеттерге «экстремистiк

ұйымдардың нышандарын насихаттау, үгіттеу» кіретіні жазылған, ал 7-тармақшасында «экстремистiк материалдар – экстремистік әрекеттердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар» деп анықтама берген. ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» заңының 2-бабының 3-тармақшасында «экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, насихаттауға тыйым салынатыны» көрсетілген.

Орал қалалық соты ҚР Азаматтық процестік кодексінің 381-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімі заңсыз болып табылады деп танып, А. Симонянның бейнежазбалары орналасқан www.cnl.tv интернет-ресурсына тыйым салу, Қазақстан аумағына таратпау жөнінде «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы атынан түскен шағымды мақұлдады.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары