Қарағанды облысының полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев Жезқазған қаласына арнайы жұмыс сапарымен келіп, Жезқазған – Ұлытау аймағының тәртіп сақшыларымен жүздесті. Ондағы басты мақсаты – Сәтбаев, Қаражал және Жезқазған қаласы мен Ұлытау аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:табыс пен тұрмыс сапасының артуы» атты Жолдауы жүктеген міндеттерді жеткізу еді.
Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында өткен жиынға Жезқазған қалалық полиция басқармасының басшысы Амангелді Құрманов төрағалық етті. Сөз алған Ардақ Ынтықбаев бағдарламалық құжатта негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталып, қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі өзгерістерді қаузады.
– Ұлт Көшбасшысының биылғы Жолдауы әлеуметтік салаға басымдық беріп, отбасы мен жастар мәселесі, табыс табу деңгейі, жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту, сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы мен экология сияқты өзекті мәселелерді қозғады. Қазақстанның экономикасы жоғарыға сатылай көтеріліп, ретімен дамып келеді. 2050 жылы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мақсаты – экономиканың жоспарға сай жүзеге асып жатқанының айғағы. Қазақстан енді экономиканы экстенсивті дамытудан интенсивті дамытуға көшті. Таратып айтқанда, бұрынғыдай жаратылыс байлықтарын, шикізатты экспортқа шығаруға басымдық бермей, жаңа технологияларды пайдалануға, керекті өнімдерді елдің өзінде өндіруге, сыртқа дайын заттарды шығаруға ден қойды. Жолдауда осы жағдайлар да айтылған. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қаржы қарастыру тапсырылған. Ал, енді ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту міндеті жүктелген,- деп өз сөзін жалғаған баяндамашы жаңа жылдан бастап жалақы көтеру мәселесі тәртіп сақшыларын да айналып өтпейтінін айтып, ішкі істер органында болатын ауқымды реформаларға кеңінен тоқталды.
Елбасы Жолдауында полиция қызметкерлерінің жалақысын өсіріп, ішкі істер органдарына түбегейлі өзгеріс жүргізуді тапсырған болатын. Осы ретті бүгінде полицияны жаңғыртулың Жол картасын әзірлену үстінде. Қазірдің өзінде ішкі істер Министрлігіне қарасты құрылымдық бөлімдердің атаулары өзгеріп, тәртіп сақшыларының жаңа киім үлгілері дайындалу үстінде. Жаңа жылдан бастап біздегі полиция қызметкерлерінің киімімен қатар жұмыс жасау тәсілі де өзгермек. Дегенмен, бірінші кезекте тәртіп сақшылары кезектен тыс аттестациядан сүрінбей өтуі керек.
– Аттестациядан тек өз мамандығына адал білікті мамандар ғана өтеді. Сіздердің құқықтық сауаттылықтарыңызбен қатар дене дайындықтарыңыз да қатаң тексеріледі,- деген Ардақ Ынтықбаев жол картасында ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру жоспарланғанын алға тартты. Тұрғындармен жұмыс жасау форматы да өзгеретін көрінеді. Енді құқық қорқау органынан көмек сұрай барғандар мұздай қаруланған тәртіп сақшысымен терезе арқылы тілдесіп, арыз жазбайтын болады. Тұрғындарды қабылдайтын арнайы зал жасақталып, онда ешбір кезексіз, жылдам әрі сапалы түрде арыз, шағымды жазып кетуге мүмкіндік жасалады. Бір сөзбен айтқанда полиция қызметкерлері халыққа жақын әрі ашық болмақ.
Жоғарыда айтып өткен штаттық санын қысқарту мен оңтайландырудан үнемделген қаржы есебінен полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру көзделген. Атап айтқанда, 2019 жылдан бастап тәртіп сақшыларының пәтер жалдау ақысын жергілікті қазынадан өтелетіп болады. Сондай-ақ, арнайы жатақханалардың құрылысы жүргізіледі. Министрлікке қарасты академиялардың саны да екі жарым есеге азайып, енді олар тек полиция басқармаларының сұранысы бойынша ғана маман дайындайтын болады. Қазір бар 12 академияның бесеуі ғана, яғни Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Алматы мен Шымкент қалаларында жұмыс жасайды.
Баяндамасының соңында полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын назарға алып, әріптестерін туған елге қызмет етуден жалықпауға шақырды. Сонымен қатар, Жезқазған-Ұлытау аумағында арнайы кадет сыныптарын дамытуды қолға алуға ұсыныс білдірді.
– Жастарды ерте бастан мамандыққа баулу қажет. Жуырда Қарағанды қаласында арнайы кадет мектептерінде полиция қызметкері болам деген арманы бар жастардың ант қабылдау рәсімінде болып, таң қалдық. Олардың көзінде от бар. Небәрі 8-9 жасар оқушылар кейбір қазіргі сержанттарға қарағанды автоматты байлаулы көзімен жылдам бұзып, жинайды, - деген сөзі көпке ой салды.