Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданының халқымен кездесу өтті.
Кездесу барысында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының алғашқы сатылары - кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға негізделген, мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мен мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіруге бағытталған іс-шаралар туралы айтылды.
- Осы орайда, мемлекеттік қызметте бірқатар реформалар орын алмақ, - деп атап өтті департамент мамандары.
Олардың мәлімдеуінше, ендігі жерде мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдері жаңғыртылады. Яғни, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Сондай-ақ, төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылмақ. Ал, мемлекеттік қызметке қабылдаудың үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілмек.
- Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қызметінің нәтижесіне байланысты өсіріліп, еңбекақы нәтиже бойынша төленеді, - деп түсіндірді мамандар.
Олардың мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметкерлер үшін еңбекақы – жеке жылдық жоспарларды орындау; мемлекеттік органдар үшін – стратегиялық жоспарларды орындау; министрлер және әкімдер үшін – мемлекеттік қызмет сапасының арнаулы индикаторлары, өмір сапасы, инвестиция тарту; Үкімет мүшелері үшін – интегралдық макроэкономикалық индикаторларға қарап есептеледі.
Кездесу барысында реформаның осы бағытындағы 12 және 13-қадамдар туралы да кеңінен сөз болды.
Мемлекеттік қызметшілерге арналған этикалық ережелер, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – бүгінгі күннің өзекті проблемасы болып отыр.
- Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Заң талаптары орындалған жерде заң бұзылмайды, - деп атап өтті департамент мамандары.