Түркістан облысында жұмыссыздықпен күресуге бөлінген қаржылар талан-таражға түскен. Заңбұзушылықтар Шардара аудандық прокуратура қызметкерлерінің халықты жұмыспен қамту саласына жүргізген тексерулер барысында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аталған аудан тұрғындары жауапты мамандармен бірлесіп, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мен «Нәтижелі жұмыспен қамтудың жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламаларға бөлінген қаржыларды жымқырған. Атап айтқанда, ауданның 22 тұрғыны жергілікті жұмыс берушілермен келісіп, Жұмыспен қамту орталығын алдағаны дәлелденді. Осылайша 2016-2017 жылдары аралығында жастар тәжірибесінің өтіп жатқаны және әлеуметтік жұмыс орнында еңбек етіп жатқаны жайлы жалған табельдерді ұсынып, 2 млн теңгеге жуық қаржыны иемдеген. Ал, шын мәнінде бұл тұлғалар жұмыссыздарға арналған әлеуметтік қолдаумен қамтылмаған. Себебі олардың өздерінің тұрақты жұмыс орындары болған.
«Соңғылардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болғандықтан аталған дерек тіркелді. Процессуалдық шешім қабылдау үшін құжаттар аудандық ІІБ-не жолданды.Сотқа дейінгі тергеу барысында кінәлі тұлғалар келтірген залалдарын өтеді», делінген хабарламада.