16.01.2019, 10:59

Инспектор өліміне қатысты істі прокуратура бақылауға алды

Қарағанды облысында киіктерді қорғауға шыққан кезде браконьерлер қолынан мерт болған инспектордың қазасына байланысты қозғалған істі бас прокурор мен ішкі істер министрі бақылауына алды. Бұл туралы 16 қаңтарда мәжілістегі жиыннан соң журналистерге бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин хабарлады.

Ауылшаруашылығы министрлігі 15 қаңтарда Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» республикалық мекемесінің инспекторы киіктер мен сирек кездесетін жануарларды қорғау рейді кезінде браконьерлер қолынан ауыр жараланып, қайтыс болғаны туралы ақпарат таратқан. Министрлік мәліметінше, 13 қаңтарда кешке Toyota Land Cruiser көлігіндегі белгісіз үш адам олардың ізіне түскен инспекторлар Ницык пен Нұрғалиевке қарсылық танытып, қарудан оқ атқан. Арада екі сағаттан астам уақыт өткенде полиция мен инспекторлар шабуылдан жараланған инспекторларды тапқан. Басынан ауыр жараланған Ерлан Нұрғалиев 14 қаңтарда Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізілген. Бір күннен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

Андрей Лукиннің айтуынша, Қарағанды облыстық полиция департаменті шабуыл жасады деген күдіктілерді жедел анықтап, ұстау шараларына кіріскен. Бұдан өзге, ішкі істер министрлігі орталық аппаратының қызметкерлері Қарағанды облысына жергілікті полицейлерге көмек көрсетуге барған. «Бұл қылмыс аз уақыт ішінде ашылып, кінәлілер анықталады және қамалады деп сенемін. Кінәлілер заң алдында қатаң жауапқа тартылады» деді Лукин.

Қаңтар басталғалы бері Қарағанды облысында осымен екінші рет заңсыз киік ату фактісі тіркеліп отыр. Айдың басында Ұлытау ауданында полиция қызметкері заңсыз киік аулады деген күдікпен ұсталған.

Қазақстанда құрып кету алдында тұрған жануар ретінде Қызыл кітапқа енгізілген киікті аулауға тыйым салынған.

Дереккөз: Азаттық