6 жасар Инабат 2018 жылы ғана мектеп табалдырығын аттады. Алайда соған қарамастан, бүгінде оны Шымкент халқы түгел таниды. Талантты қыз оңтүстік шаһардың тойларының нағыз «гүліне» айналған. Бұл туралы КТК арнасының «Астарлы ақиқат» бағдарламасына Инабаттың анасы мен ағасы келіп, мән-жайды айтты деп жазады Stan.kz.
Ағасы әрі Инабаттың бүгінгі «продюсері» Асхаттың айтуына қарағанда, бүгінде бүлдіршіннің өнерін жақсы көретін көрермен қаншалықты көп болса, сынаушылар қатары да соншалықты көбейген. Халық бұл отбасын кішкентай баланың еңбегін пайдаланып, ақша тауып жүр деп айыптайтын көрінеді.
«Қарындасым боянбады емес, боянды. Басында мойындаймын, білмедім. Қазір барлық нәрсесін өзгертіп жатырмыз. Стилін, образын, әндерін…
Тойға анам, қарындасым үшеуміз шығамыз. Бізді ешкім тексеріп жатқан жоқ. Біз сағат 8-де тойға барсақ, 12-де қайтып жатыр деген әңгімелер кетіп жатыр. Мысалы, біз кешкі 8-де барамыз тойға. 2 әнін айтады, той иесі тағы ән айтсыншы деп өтініп жатады. Айтамыз. Шымқаланың асабалары Инабатты таниды. Сондықтан тезірек жіберіңіздер, сабағы бар деп айтамыз. Бірақ біз сабақ уақытында тойға шықпаймыз. Себебі директор рұқсат етпейді», – дейді жас таланттың ағасы.
Инабат тойда Ерке Есмаханның «Қайда?» әнінен бастап бүгінде халық арасында кеңінен танымал хит әндерді орындайды. Алайда бала тәрбиесін басты назарға алған алдыңғы буынға кішкентай бүлдіршіннің махаббат тақырыбында ән салып жүргені ұнамай қалды. Алайда анасының айтуынша, Инабат тойда орындап жүрген әндерінің көбін өзі таңдайды.
«Инабат алғашқыда Ерке Есмаханның «Қайда» әнімен шықты. Бұл әнді өзі ұнатып, жаттап алды», – дейді анасы Сандуғаш.
«Ол бірінші сыныпқа енді барды. Қазір енді ғана «ү» әрпін оқып жатыр. Толық оқи да алмайды. Сөзбе сөз жаттамайды, әуенді жаттайды», – дейді ағасы Асхат.
Ал заңгер Шолпан Ризабек тойдың сәнін келтіріп жүрген Инабаттың жақындарына ескерту жасады. Ол 14 жасқа толмаған баланы еңбекке салу «қылмыспен» пара-пар екенін айтып өтті.
«Бала шаршайды, қаншама энергиясын жұмсайды. Бұл оның денсаулығын бопсалауға алып барады. Заңда реттелген нәрсені шектен шығуға болмайды.
Бала еңбегі шектеулі. 14 жасқа толмаған баланың еңбегін мақсат тұтып, одан ақша табу амалдарын жасауға болмайды», – деп ескертті ол.