Түркістан облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «қорқытып алу» және «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен айыпталған мектеп оқушысы Нұрбек Тұрсынханды кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұл туралы 25 қаңтарда облыстық соттың баспасөз қызметі xабарлады деп жазады Азаттық.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің оқушысы Нұрбек Тұрсынхан 2018 жылдың 10 ақпанында өз үйінде өзіне қол салып, қайтыс болған мектеп оқушысы Ерсұлтан Ахметовті өзін-өзі өлтіруге жеткізді және осы мектептің жиырма шақты оқушысынан ақша бопсалап, қысым көрсеткен деп айыпталған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, іс ашық қаралған.
Нұрбек Тұрсынханның ісі сотқа жеткеннен кейін он оқушы айыпталушының үстінен арыз жазбағандарын мәлімдеген. Іске төрағалық еткен судья Қайрат Қоңырбаев істі тергеген тергеушілердің бірі Мұса Әлкеевтен «Жәбірленуші деп танылған кәмелет жасына толмаған балалардың жауабы мен олардың ата-аналарының арызынан бөлек тағылған айыпты дәлелдейтін не бар?» деп сұраған. Тергеуші нақты жауап бере алмаған.
Қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтың ата-анасы арызды Нұрбек Тұрсынханның үстінен емес, өзге төрт оқушының үстінен түсіргенін, олар тергеу кезінде жәбірленуші деп танылғанын айтқан.
Қаратау аудандық соты Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің 11-сынып оқушысы Нұрбек Тұрсынханды (2018 жылы мектеп бітіруі тиіс болған) Қылмыстық кодекстің 194-бабы («Қорқытып алушылық») бойынша күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. Қылмыстық кодекстің «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша айып тергеу кезінде тағылған.