Қазақстанда қылмыстық іс тергеуі кезінде үйқамақта отырған бұрынғы энергетика министрінің орынбасарлар Ғани Садыбеков пен Бақытжан Жақсалиевке тағайындалған бұлтартпау шарасы наурыздың біріне дейін ұзартылған. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап abctv.kz хабарлады.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Ғани Садыбеков «Аймақ» мердігер ұйымының басшысымен астыртын сөй байласып, Щучинск-Бурабай шипажайы аймағындағы көлді тазалауға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырған» деген күдікпен ұсталған. Бақытжан Жақсалиев «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған» және «мемлекетке 746 миллион теңге зиян келтірген» деген күдікке ілінген.
Бұған дейін сот өткен жылы қарашада тұтқындалған тағы бір бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны тергеу абақтысында қамауда ұстау мерзімін 16 ақпанға дейін ұзартқан. Оны 2015 жылы есептегіш құрал-жабдықтарды орнатуға бөлінген 215 миллион теңгені жымқырған болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған.
Дереккөз: Азаттық