$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте құмар ойындар ұйымдастырылған түрменің басшысына қатысты сот отырысы басталды

Шымкенттегі түрмелердің бірінде  заңсыз ойынхана ұйымдастыруға жол берген түзеу мекемесінің бұрынғы басшысына қатысты сот отырысы басталды. ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің басшысы қызметін атқарған Айтжан Бәкіров Қылмыстық кодекстің бірнеше ауыр және аса ауыр баптарымен  айыпталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 1980 жылы туған Айтжан Бәкіровке қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Істі қарап жатқан судья Әбинұр Қарабаев айыпталушы мен жәбірленуші тарапты өз құқықтарымен таныстырғаннан кейін, сотқа қатысқан прокурор Әли Бағлан айыптау актісін оқып шықты. Оның сөзінше, айыпталушы 2012 жылдың қырүйегі мен 2014 жылдың наурызы аралығында аталған түзеу мекемесінде басшылық қызмет атқарып, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған. Атап айтқанда, айыпталушы қарамағындағы қызметкерлердің түзеу мекемесіне берілген оқ-дәрілерді жымқыруға жол беруіне, оларды жаттығуға қолданылды деп жалған актілер толтыруына жол берген. Осындай заңбұзушылық әрекеттерге көз жұма қарап, қызметкерлеріне шара қолданбаған.    

«2012-2013 жылдар аралығында түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қабылбаев, Зулкашев, Әлімбеков, Жұмаев, Сүлейменов, Мақсұмбековтар аталған түрмеде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Ал, түрме қызметкерлері түзеу мекемесіндегі жасақтарды оларға үй жайы ретінде беріп, сотталған тұлғалардың арасында карта, нард сияқты құмар ойындары бойынша ұтыс пен ұтылысты төлету арқылы ірі мөлшерде табыс алған. Сонымен қатар, Ресейдегі трансұлттық қауымдастыққа қатысушы ретінде мүлік жинап, оны сақтаған, бөлген, қаржыландыру орындарын әзірлеген. Бәкіров өз қызмет бабымен ұштастырып, 2013 жылдың 20 маусымы мен 2014 жылдың наурыз айында сотталған қызметкерімен сыбайласып, құмар ойындардан түскен ақшаның үштен бірін ұрылардың қазынасына жіберуге жәрдемдескен. Шымкент қаласында жүрген таныстары арқылы жиналған 8 млн 485 мың теңгені Мәскеудегі трансұлттық қылмыстық қоғамдастықты қаржыландыруға жол берген. Осы түзеу мекемесінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін сотталған екі уәкіл қызметкерлеріне трансұлттық қауымдастық мүшелеріне ұялы телефонмен конференциялық байланысқа шығуға кедергі жасамай, тыйым салынған заттарды кіргізуге кедергі келтірмеген»,- деді прокурор Әли Бағлан. 

Прокурордың айтуынша, Бәкіров заңсыз құмар ойындарынан түскен ақшаға 12 теледидар сатып алып, түзеу мекемесіне қоюға рұқсат берген. Оны тіпті жасақтарға таратып берген. Ал мемлекеттен теледидар алуға бөлінген 597 мың теңгені өзі иемденіп, алаяқтық әрекеттер жасаған. 

«Бәкіров Бегімбетовпен алдын ала сөз байласу арқылы ҚР ҚК 177-бап 3 бөлігінің «г» тармағына сай қылмыс жасаған. Ол заңсыз ойындар ұйымдастыру арқылы бостандықта жүрген Нұралиевтен 5 мың АҚШ долларын алып, өз әрекетімен Қылмыстық кодекстің 302-бабы 4-бөлігі «в» тармағында көзделген қылмысты қасақана жасаған деп айыпталады»,-деді прокурор.  

Еске сала кетсек, тағылған айыптың ауырлығына қарамастан Айтжан Бәкіров бүгінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.  

Айта кетейік, Шымкенттегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот 2015 жылдың 20 наурызында аталған түрмеде заңсыз ойынхана ұйымдастырған 6 жазасын өтеушіні ұзақ мерзімге соттаған болатын. Олар  ИЧ 167/3 мекемесінде түрме бақылаіушы атанған. Колонияда карта мен құмар ойындарынан  миллиондап ақша тауып, оның үштен бір бөлігін қылмыстық топтың мүшелері Мәскеудегі қылмыскерлер қорына аударып отырыпты. Ақшаны ресейлік әйгілі қылмыскер, ташкенттік Жора уысында ұстаған болып шықты. Түрмедегілердің ұтылыс қарызын сырттағы туыстары төлеп келген. Сот айыптыларды трансұлттық топ құрды деп тауып, 12-ден 16 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасын тағайындаған еді. Ал, 2016 жылы Абай аудандық сотында ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің 12 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5-еуі сотталды. Олардың қатарында жедел бөлім бастығының орынбасары мен өзге де қызметкерлер болған.  

Осындай жағдайларға қарамастан айыпталушы Айтжан Бәкіров  түрме басшылығынан кейін 2014  жылдан бастап 4 жыл Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының  орынбасары қызметін атқарған. Соттың мәліметінше, ол бүгінде  ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде  кадрлық резервке алынған.  

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары