$ 448.56  478.03  4.79

Алматыдағы 3 адамның өлімі: Гелендваген жүргізушісі сотта сөз алды

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша сот өтіп жатыр деп жазады BAQ.KZ.

Қаланың Алмалы аудандық сотында үш адамның өліміне қатысты Гелендваген жүргізушісі Ілияс Кардың ісі қаралуда.

Тергеу амалдары бойынша, Ілияс Кар жол ережесін бұзу, жол-көлік оқиғасы орнынан кету және рөлге мас күйінде отыру ісі бойынша айыпталуда.

Сот барысында күдікті өзіне тағылған айыптардың кейбірімен келіспейтінін жеткізді.

«Мен кінәмді жартылай мойындаймын. «Мас болды»  деген тұсымен келіспеймін. Сондай-ақ, менің қашып кету туралы ойым болған жоқ» , - деді ол.

Прокурордың айтуынша, ішімдікке сылқия мас болған Кар Абай көшесінде батыс бағытта келе жатқан. Қауіпсіз жылдамдықты таңдамаған және бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Нәтижесінде түрлі дене жарақатынан үш адам көз жұмды.

Айыпталушы жайында белгілі болғаны, Ілияс Кар 1985 жылы туған. Отбасылы, үш баласы бар. Білімі орта. Ұсталған сәтте «Казахпродукт»  ЖШС-де директор көмекшісі болып жұмыс істеген. Бұрын істі болмаған.

Еске салсақ, қайғылы жағдай жаңа жыл алдында – 29 желтоқсан күні Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында орын алған. Аса қатты жылдамдықпен келе жатқан Mercedes Gelandewagen көлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, Mitsubishi көлігін соққан. Нәтижесінде үш адам мерт болған еді. Оның бірі – актриса Шолпан Елгезекова. Тағы бір актриса Айзада Сатыбалдиева әлі емханада жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары