Ат жарысындағы қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық іс «Балалар өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін дұрыс орындамау» бабы бойынша қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін 10 мың метрлік бәйге жарысында шабандоз Дәурен Ахметовтің қайтыс болғаны хабарланған еді. Жарыста оның аты сүрініп кетіп, құлаған. Ат өзінің үстінен ұшып кеткен шабандозды тапап кетті. Стадионда кезекшілік атқарған дәрігерлер бригадасы жедел әрекет етті. Бірақ жасөспірімді құтқарып қалу мүмкін болмады.
Аталмыш ат жарысын Ат спортының ұлттық түрлері жөніндегі республикалық федерация ұйымдастырған. Еуразияның бесінші кубогы Сандықтау ауданының құрылған күнін мерекелеуге арналды. Бәйгеге республиканың әр аймағынан шабандоздар қатысқан болатын. Федерацияның вице-президенті Мұстафа Мұстафаев қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.