Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жауапкершілікке тартылуына байланысты төртке бөлінеді. Біріншісі - сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық іс-әрекеттер жасау, екіншісі - сыбайлас жемқорлыққа байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасау, үшіншісі - сыбайлас жемқорлыққа байланысты тәртіптік теріс қылық жасау, төртіншісі - сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының консультанты Б. Ералиев мәлім етті.
Мәселен, оның түсіндіруінше, мемлекеттік лауазымға немесе соларға теңестiрiлген мiндеттердi атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар тұрғылықты жерi бойынша салық органына декларация тапсырмаған жағдайда, мемлекеттiк қызметшілер және олардың жұбайлары жыл сайын декларация тапсырмағанда, жағымсыз себептер бойынша мемлекеттiк қызметтен босатылған адамдар босатылғаннан кейiнгi үш жыл бойы декларация тапсырмаған кезде, мұндай әрекеттер ҚР ӘҚБтК-нің 274-бабының талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.
Сонымен қатар, мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлеттiк берiлген адамдардың немесе оларға теңестiрiлген адамдардың өзi тиiстi мiндеттердi атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетiлетiн қызмет және өзге де нысандар түрiнде кез келген сыйақы қабылдаса, өзiнiң мемлекеттiк немесе оған теңестiрiлген мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметi бойынша өздерiне тәуелдi адамдардан жалпы қамқоршылығы немесе қызметiнде бетiмен жiбергенi үшiн сыйлықтар алу немесе қызметiн қабылдаса да ҚР ӘҚБтК-нің 677-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жұбайының (зайыбының), туыстарының шақыруы бойынша олардың есебiнен мемлекетiшiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруды қабылдау, несиелер, қарыздар алуда, бағалы қағаздар, жылжымайтын және өзге де мүлiктер сатып алуда заңдарда көзделмеген артықшылықтарды пайдалану жағдайлары орын алса да ҚР ӘҚБтК-нің 677-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- Мемлекеттiк қызметшілердің (өз қызметiн тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негiзде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетiн қызметпен айналысуға тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшілер қызметке кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде өзiнiң меншiгiндегi, пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн мүлiктi сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Олар жақын туыстардың бiрге қызмет iстеуiне жол бермеуге тиіс. Осы талаптарды орындамау қызметінен босатылуға жатады, - деп атап өтті Б.Ералиев.
Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшіге қатысты қызметіне толық сәйкес есместігі туралы ескерту, лауазымынан төмендету, атқаратын лауазымынан босату секілді тәртіптік жазалар қолданылады.
- Егер мемлекеттік орган басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданбаса, өзі ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 28 бабы 1 тармағына сәйкес тәртіптік және ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының консультанты.