Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы тәртіптік кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ОҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы Ж.Өксікбаевтың тәртіптік ісі қаралды.
Инспекция басшысы осы жылы 28-сәуірде ОҚО ІІД-не радиостанция және бейнежазбаның аппараттық қондырғысын сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңның сақталуын қадағалау туралы №293 бұйрық шығарып, жоспардан тыс тақырыптық бақылау тағайындаған. Қаржылық бақылау нәтижесінде тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу туралы заңының нормаларын сақтамағаны жөнінде 7 дерек анықталған. Сөйтіп ОҚО ІІД Тылды қамтамасыз ету жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Д.Түймебаевқа ҚР ӘҚБК-нің 207-бабының 13-бөлімімен әкімшілік іс қозғалып, оған 198 200 теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Тексеру барысында басқарма басшысының орынбасарының мемлекеттік сатып алу барысында ешқандай шартқа қол қоймағаны белгілі болды. Керісінше заңды жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданбаған.
Тәртіптік кеңесте Ж.Өксікбаевқа қатысты тағы бір мәселе қаралды. Инспекцияның биыл 27-наурыздағы №208 бұйрығымен «Сарыағаш аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-не бақылау тағайындалған. Мұнда да мемлекеттік сатып алу заңының талаптары сақталмаған. Яғни, мекеме басшысы бір емес, бірнеше қателікке жол берген. Мұндай жағдайда ӘҚБК-нің 6-бабы, 1-бөліміне сәйкес бір адам екі немесе одан да көп әкімшілік құқықбұзушылық жасаса, олардың әрқайсысына жеке-жеке әкімшілік жаза қолданылады делінген. Ал, қаржылық инспекция басшысы мекеме директоры П.Асқанбековке қатысты 7 іске бір ғана әкімшілікшілік хаттама толтырып, оған 700 АЕК орнына 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салған.
Облыстық қаржылық бақылау инспекциясының басшысы Ж.Өксікбаевтың құжатта жіберген қателіктеріне құқықтық баға берген тәртіптік кеңес мүшелері оған шара қолдануды ҚР ҚМ Қаржылық бақылау комитетінің құзырына қалдырды.
Бұдан бөлек Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры М.Садықов та тәртіптік кеңес мүшелері алдында жауап берді. Ол мекеме қызметкерлеріне сыйақы тағайындағанда «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы бар қызметкеріне 23 360 теңге көлемінде сыйақы берген. Сонымен қатар жол жүру қағаздары толмырылмастан, жанар-жағармай шығындаған. Тәртіптік кеңес мүшелерінің шешімімен М.Садықбековтің тәртіптік ісінің мән-жайын қарау үшін Мәдениет және спорт министрлігіне жолданды.