26.10.2015, 09:45

Ахметовтің ісі:  Нысандар «Мемэкспертизаның» тұжырымынсыз салынған

Фото: kostanaytany.kz

26 қазанда Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша куәгерлерден сотта жауап алу одан әрі жалғасты.

Қарағанды қаласының индустриалдық паркіндегі инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын салу кезінде бюджет қаражатын ұрлау туралы эпизод бойынша «Мемлекеттік экспертиза» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының сарапшысы Татьяна Туманова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде индустриалдық парктегі инфрақұрылымдық нысандар «Мемэкспертизаның» тұжырымынсыз салынғанын мәлімдеді.

«Индустриалдық парктегі шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясының құрылысы барысында негізінен, жобаның технологиялық бөлігіне қатысты түзетулер енгізілді. Алдымен ағын суларды тазалауға арналған «USB» технологиясы жұмысқа қабылданған еді. Бұл жобаны «Сәулет» ЖШС-нің мамандары жүзеге асырды. Содан кейін жаңа жобалаушылар пайда болды. Сөйтіп, шаруашылық-тұрмыстық суағарларды тазалау технологиясы күрт өзгерді. Жаңа жобалаушылар мұнысын чехтың «USB» технологиясына қарағанда арзанға түсетіндігімен түсіндірді. Ал қондырғының өзі чехтардың қондырғысына ұқсас дегенді айтты. Сөйтіп, біз осы технологияны қарастыра бастадық», - деп түсіндірді істің мәнісін Т. Туманова.

Оның айтуынша, технологияны қарастыру барысында «Мемэкспертизаға» құзырлы органдардың бірінен біреу қоңырау шалып, сараптамаға жартылай салынып біткен нысанның материалдары ұсынылғанын хабарлаған. Сол кезде менен: «Сіз бұл нысандардың көпшілік бөлігі салынып бітіп, пайдалануға берілгенін білесіз бе? Атқарылған жұмыстардың актісі бар ма?» деп сұрады. Бірақ менің бұл істен еш хабарым жоқ еді. Сол себептен мен аталған нысанның құрылысы іс жүзінде аяқталғаны туралы ештеңе білмейтінімді айтып, түсінік хат жаздым. Одан кейін бізге тағы да құжаттар келіп түсті, онда қайтадан түзетулер енгізіліпті. Көп ұзамай қаржы полициясы қызметкерлері келіп, барлық құжаттарды алып қойды,- деп әңгімеледі Т. Туманова.

Аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын қарау барысында «Мемэкспертиза» РМК-ның сарапшылары тарапынан көптеген сауалдардың туындағанын осы мекеменің қызметкері Гүлнар Артекова да растады. Ол сот отырысында кез-келген нысанның құрылысында технологияны ауыстыратын жағдайда жоба мемлекеттік комиссияның қайта тексеруінен өтуге тиістігін мәлімдеді. Сарапшы шаруашылық-тұрмыстық суағарлар станциясының жобасында екі технологияның салыстырмалы сипаттамасы болмағанын ашып айтты. «Жоба алғаш рет 2013 жылы түзетуге жіберілді. Біз осыған орай, екі түрлі салыстырмалы сипаттаманың болуын сұрап, хат жаздық. Себебі түзетуде екі нұсқаның бірінің салыстырмалы түрде артықшылығы көрсетіледі. Бірақ ондай сипаттама ақыры болмады. Бізге көбінесе экономикалық бөлікке қатысты құжаттарды жіберді»,- деді Г. Артекова сотта.

Әмина БӘКІР