01.04.2019, 09:43

Журналист Глушкованың сотына келген БАҚ өкілдерін судья шығарып жіберді

Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында «Настоящее время» арнасының журналисі Светлана Глушкованың үстінен ұрып-соғу бабымен қозғалған іс бойынша сот басталды деп жазады Азаттық.

Әкімшілік соттың судьясы Әсия Досжанова төрағалық етеді деп көрсетілген іс жоспарланған уақытынан 1,5 сағатқа кеш – 12.30 шамасында басталды. Судья Досжанова Глушкованың үстінен шағым түсірген жәбірленушінің «кәмелет жасына толмағанын» айтып, сот залында отырған БАҚ құралдарын шығарып жіберген.

Мұнан соң журналист Глушкова судьяға сенімсіздік білдіріп, бас тарту туралы шағым түсірді. Журналистің адвокаты Бауыржан Азанов «судьяның объетивтілігіне күмәндандық»  дейді.

«Судьяның бұл іске көзқарасы дұрыс емес, объекті түрде қарағысы келмейді» деп Глушкова арыз жазды. Сот БАҚ өкілдерінің бәріне «шығыңдар, кетіңдер» деп тыйым салды. Енді түстен кейін – 16.00-ге қарай журналистің судьядан бас тарту арызын басқа сот қарайды», - деді адвокат Азанов.

Таңертеңнен бері сот ғимараты алдында ондаған белсенді журналист Светлана Глушкованы қолдап келді. Олар «Светланаға бостандық!», «Светланадан қолыңды тарт!» деп айқайлады.

Журналистер сұрағына жауап беріп жатып Глушкова бұл істі «билік тапсырысы» деп санайтынын айтқан.

«Жұмыс істемеуім үшін осының бәрін Астана полициясы ойлап тапты. Маған сотқа шақыртуды учаскелік полиция берді. Оны сот жіберуі керек еді. Бұл – шоу. 22 наурыздағы митингіден хабар таратуға келгенде әлдекімді ұрған не итеріп жіберген екем. Жәбірленушіні қараған сот медициналық сараптамасы ештеңе анықтаған жоқ. Іс жәбірленуші сөзінің негізінде ғана қозғалды», - деді Глушкова.

«Настоящее время» (Азаттық пен «Америка дауысы» радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен «Настоящее время» тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.

«Азат Еуропа/Азаттық радиосы»  медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны «тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті» деп атаған.