Бүгiн Астанада №2 Алматы аудандық сотында бұрынғы ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Саят Шаяхметовке қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары».
Бiлiм және ғылым экс-вице-министрi Саят Шахметовке 1,5 млрд теңге көлемiнде бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылуда.
Сотталушылар қатарында Шаяхметовпен бірге «ҚР салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры А.Пак және «ЗАК Сервис» ЖШС бұрынғы бас директоры Р.Киреев те бар.
Сот отырысы судья Бақытбек Сыздықовтың төрағалығымен өтуде. Нұрлан Бейсекеев отырысқа айыпталушының қорғаушысы ретiнде қатысуда.
Еске сала кетсек, 2013 жылдың 9 сәуірінде ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Өскемен қаласындағы 700 оқушыға арналған білім мекемесінің құрылысын жүргізу кезінде 1,5 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 14 мамырда аталған қылмысты жасауға күдікті ретінде ҚР білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов пен «ҚР салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры А.Пак ұсталды. 17 мамырда сот санкциясымен Шаяхметов үйқамаққа алынып, Пак тұтқындалған болатын. Бұған қоса «ЗАК Сервис» ЖШС бұрынғы бас директоры Р.Киреевке де айып тағылып, тұтқындалған болатын.