Астанада түнгі клубтар аумағында 2013 жылы атыс ұйымдастырған қылмыстық топ көшбасшысы ұсталды деп хабарлады елордалық ІІД баспасөз қызметінен.
"Астана қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен ұйымдасқан қылмыстық топтың белсендісі, 2013 жылы «Кега Шоу Бар» және «Кега Мюзик Бар» түнгі клубтарының аумағында атыс ұйымдастырған Е.Джамалиев қолға түсті",-делінген хабарламада.
Ведомстводан атап көрсеткендей, құқыққа қарсы әрекеттің нәтижесінде екі адам жарақаттанып, тағы бір азамат есін жимастан ауруханада көз жұмған.
Астана қаласы ІІД мәліметі бойынша, атысқа қатысқандар — қылмыстық топтың мүшелері анықталып, полиция қызметкерлерімен ұсталған. Соңынан олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ұзақ уақытқа бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. "Қылмыстық топтың белсендісі Е.Джамалиев соттың үкімімен Астана қаласы психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығына қамалып, жазадан құтылып кетті. Ағымдағы жылдың 20 қазанында көңіл көтеру орталықтарының жанында бұзақылық әрекеттерін ұйымдастырғаны үшін Республика даңғылындағы үй ауласының біріндегі автокөлік салонында 6 қарашада сағат 16.30-да Джамалиев елордалық полиция қызметкерлерімен қайтадан қолға түсті",-деп ақпараттандырады ІІД. Осы факт ҚР ҚК 293-бабы 3 т. бойынша сотқа дейінгі тергеулердің біріңғай тіркеуіне алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қолға түскен азамат Уақытша ұстау изоляторына қамалды. "Қолда бар жедел ақпараттарға қарағанда, қоғамға қауіпті диагнозбен жабық түрдегі стационарда емдеуде болған Е. Джамалиев уақытта қатаң тыйым салынғанына қарамастан емдеу орнынан үнемі шығып жүрген",-деп атап көрсетілген хабарламада. Осылайша Е. Джамалиев қылмыстық топқа жетекшілік етуін жалғастырған. "Қазіргі уақытта ПДПМО медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту сұрақтары шешілуде",-деп көрсетілген хабарламада.