ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевты атқарып отырған лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне ұсыным енгізу жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, ішкі істер министрлігінің тәртіптік кеңесі төрағалығымен Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы А.С. Дүйсембаевқа қатысты қоғамдық резонанс туғызған факті бойынша аталған өңірге министрдің орынбасары А. Калайчиди бастаған Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы жіберілді.
Комиссия А.С. Дүйсембаевтың қызметтік әдеп тәртібін бұзушылығын анықтаған қызметтік тексерудің қорытындысын қарады.
«Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша ішкі істер министрі А.С. Дүйсембаевты атқарып отырған лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне ұсыным енгізу жөнінде шешім қабылдады»,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция майоры С.А. Қалиев орнынан босатылды және бірқатар лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, министрдің орынбасары жеке құраммен қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесі бойынша жедел кеңес өткізді.
Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевтың ат мінгізілген видеосы әлеуметтік желіге тараған болатын. ҚР Ішкі істер министрлігі осы оқиға бойынша түсініктеме беріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облыстық ПД бастығының әрекетін тексеруді тапсырған болатын.