$ 446.49  475.38  4.79

«Екі балам мен күйеуім бомбаның астында қалды»: Сириядан елге қайтарылғандар тағдырын баяндады

7-9 мамыр аралығында еліміздің сыртқы істер ведомствосы, ұлттық қауіпсіздік комитеті және әскерилердің күш біріктіруімен Сирия аумағында қалып қойған қазақстандықтарды елге қайтару операциясы жүзеге асырылды. Жыл басынан бері екінші мәрте өткізіліп отырған шараның оперативтік атауы Жусан-2. Қаңтардағы операцияға қарағанда бұл жолы жеткізілгендер саны көп. 231 адам. Екі күнге жалғасқан шарада елге әкелінгендердің дені балалар. Қазір олар Ақтаудағы бейімдеу орталығында, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеме жасаған Stan.kz.

Бір айлық карантинде психолог, теолог, және дәрігерлер келгендермен жұмыс жасайды. Сондай-ақ дені Шам жерінде туылған бүлдіршіндердің, ата-аналарының құжаттары реттеліп, туыстарымен байланыс орнатылады. 

Комитетшілердің мәліметіне сенсек, әлі 300 дей қазақстандық Сириядағы соғыс ошағында қалып отыр. Олар да елге жеткізілмек екен. Бірақ кедергі бар. Себебі Шам жеріндегі лаңкестік топтар әр алуан, отандастарымыздың көбі солар бақылайтын аумақтарда қалған.  

Айта кетейік, Жусан операциясы мемлекеттің халықаралық қауымдастық алдындағы міндеті. Елдің ел екенін көрсету және соғыс ошағынан құтқарылғандарды оңалту арқылы дерадикализия жұмыстарын ілгерілендіру. Бірақ қоғамда Сириядан азаматтарды қайтаруға қатысты сыни скептикалық көзқарастар да жетерлік. 

Қазақ даласынан ұшып шыққан әскери әуе күштерінің жауынгерлік борты тағы да Шам жеріне табан тіреді. Құдай өзі кешірсін, Таяу Шығыс дәл қазіргі уақытта Фәни дүниедегі тозаққа бергісіз мекен десек артық айтпаймыз. Сол оқ пен оттың ортасында алыстағы қазақстаннан адасқаны бар, жалған жиһад жолында ажал аңсап келгені бар, жүздеген отандасымыз шығарылды. Кезекті операция. Жусан 2.  

Жусан 2 операциясының шеңберінде 231 адам елге жеткізілді. Олардың 156-бала. 59-әйел. 18 бүлдіршін тұл жетім.

-Анашың қайда?

- Бәрі жоқ. 

Тұла бойын тұмшалап алған мына келіншектің тіпті көзі де көрінбейді. Келіншек дейміз-ау, біздегі бейбіт өмірдің өлшеміне салсақ  бойжеткен болар еді. Тек, көргені басқа. 

- Бөпем жеті күндік.  

-Жеті күндік? Өзің нешедесің?  

-23-те.  

-Бұл тұңғышың ба?  

-Жоқ, үшіншім.

-Қалған екеуі қайда?  

-Жоқ олар.  

-Қайда олар, бомбаның астында қалды ма?  

-Иә.  

-Қай қалада, Раккада ма?  

-Иә, Раккада.  

-Күйеуің қайда?  

-Ол да солармен бірге кетті. 

«Елге жеткізілгендерді қылмыскер, экстремист, тағы басқалай айыптармен қаралауға әсте болмайды. Себебі заңға сәйкес олардың соғыс қимылдарына қатысқаны әлі дәлелденген жоқ. Алдымен сотта дәлелденуі керек. Әлбетте ол анықталса, тиісті жазасын міндетті түрде алады. Ал радикалды пиғылдан арылту өте маңызды. Беті бері қарағандар өзге жат ағым өкілдеріне сабақ бола алады. Себебі идеяны идея ғана жеңеді», - дейді «Контртеррористік комитеті»  РҚБ президиумының төрағасы Аманжол Оразбаев.

Белгілісі бұған дейін Сириядан оралғандардың біріне кесілген ең ауыр үкім 20 жыл түрме жазасы. Ал қаңтардағы Жусан шеңберінде елге әкелінген екі азамат 8 жылға сотталған. Айта кететін бір жайт 2017 жылы ел аумағынан тыс жерде террористік ұйымдарға тартылғандарды азаматтығынан айыру турасында елбасы бастама көтерген соң тиісті норма қабылданған болатын. Алайда бұл жаза әзір ешкімге қолданылған жоқ. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары