18.11.2015, 04:01

Ахметов ісі: Бауыржан Әбдішев өз кінәсін мойындамады

www.qazaquni.kz

Қарағанды облыстық сотында экс-премьер Серік Ахметовтің және одан басқа 20 кейіпкердің соты аяқталуға жақындады. Сотталушыларға сот алдында жауап беруге кезек келді. Бірінші болып сотта түсінік берген Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев өз кінәсін мойындаған жоқ.

Тергеудің нұсқасы бойынша 2011 жылы Қарағанды облысының әкімі болған Бауыржан Әбдішев «ЕуроСтандартҚарағанды» зауытының құрылысын жүргізуге өзінің танысына жер телімін бөлген. Көшеге төсейтін қырлы тас шығаратын кәсіпорын әкімнің бақылауында болған көрінеді. 2012 жылы қалалық саябақтар мен шағын бақтарды абаттандыруға бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінгендіктен мұндай келісім әкімге тиімді екені даусыз. Өзіне бағынышты кәсіпорынға тапсырысты қамтамасыз ету үшін Б. Әбдішев өзінің орынбасары Мұхтар Адамбеков пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдос Жәкеновке «бір көзден» мемлекеттік сатып алу рәсімін жүргізуге нұсқау береді. Таңдап алынған мердігерлерге көшеге төселетін қырлы тасты «ЕуроСтандартҚарағанды» зауытынан ғана сатып алуға талап қойылады. Сайып келгенде олар тротуарға төселетін тақтаны әдейі көтерілген бағамен сатып алады. Ол тақталар облыс әкімдігінің, «Ғасыр» базарының, «Молодежный» мәдениет үйінің және «Шалқыма» концерт залының алаңына, сондай-ақ Серов пен Сталелитейный көшелеріне төселген. Осылайша, жоғары лауазымды тұлғаның «ісінен» бюджетке 3,6 млрд. теңге зиян келтірілген.

Айтарлығы, Б. Әбдішев сотта өзінің кінәлі екенін мойындаған жоқ. Ол қаланың әдемі болғанын қалағандықтан, барлық саябақтар мен шағын бақтарды ретке келтіргісі келгенін айтты. Бірақ бұл істі толық жүзеге асыруға облыстағы қырлы тас шығаратын зауыттардың қуаты жетпеген. Бұл мәселені қалай шешпек болғанын сотталушы Б. Әбдішев былай әңгімеледі: «2011 жылы тротуарға төселетін қырлы тастың тапшылығы байқалды. Ол уақытта облыстағы кәсіпорындардың тапсырыстары да көп болатын-ды. Сол себептен олар бізге қажетті өнімді шығара алмады. Содан соң тас тақтаны Астанадан тасымалдадық. Мешіттің алдындағы алаңқайға мердігер елордадан алғызған қырлы тастарды төседік. Бұл мәселені шешуге шамамыз келмеді».

Бауыржан Әбдішевтің айтуына қарағанда, сол кезеңде Қарағандыда қырлы тас шығаратын зауыт салу қажеттілігі туындады. Бұл мәселені шешу үшін, әкім орынбасарына нұсқау беріп, бұрыннан істеп тұрған кәсіпорнын жетілдіруге келісетін кәсіпкер табуды тапсырады. «ЕуроСтандартҚарағанды» ЖШС-нің иесі Руслан Сыздықов мұндай мәмілеге бірден келіседі. «Оңтүстік-Шығыс ықшам ауданында оның қуаты шағын цехы болатын. Мен өзімнің досым Ғабит Жұматаевқа осы жобаға қаражат салуды ұсындым. Жұматаевтың заңды жолмен тапқан ақшасы бар еді. Сол ақшасын кәсіпорынға инвестиция есебінде салып, жаңа жұмыс орындарын құрды. Себебі инвестиция тарту мен жұмыс орындарын ашу – облыс әкімінің істеген жұмысының негізгі көрсеткіштерінің бірі болатын»,- деп түсіндірді Б. Әбдішев.

Сот алдындағы сөйлеген сөзінде Бауыржан Әбдішев айыптаушы тараптың «ол пайдакүнемдіктен қырлы тас шығаратын зауыт салуға көмектесті» деген айыбын теріске шығарды. «Бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Зауыттың құрылысына 1 гектар жер телімін бөлу туралы қаулыны коллегиялық орган – әкімдік қабылдады» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол мемлекеттік маңызы бар істермен бас көтермей айналысқандықтан «ЕуроСтандартҚарағанды» цехының жұмысын жеке бақылауына алуға уақыты болмағанын хабарлады. Сотталушылардан жауап алу одан әрі жалғасуда.

 

Әмина БӘКІР.