14.06.2019, 21:49

Шымкент қаласының жол-көлік колледжінде медиация кабинеті ашылды

Шымкент қаласының Абай аудандық соты судьялары Е.Отарбаев және М.Шарипов, Отбасы және балалар және жастар істері жөніндегі басқарма қызметкерлері және кәсіби медиаторлардың қатысуымен бүгін Шымкент қаласы жол-көлік колледжінде медиация кабинеті ашылып, мамандар колледж ұжымына сотқа дейінгі татуласу рәсімдерін жан-жақты түсіндіру жасады. Медиация тәртібімен татуласудың пайдалы жақтары түсіндіріліп, осы медиация бөлмесінің негізгі атқаратын жұмысы жөнінде сұрақтарға жауап берілді.

Жалпы, қоғам дамыған сайын біздің сөздік қорымызға терминдер көптеп ене бастады. Соның бірі – медиация. Бұл термин латынның «mediare» делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған үшінші тарап ретінде МЕДИАТОРЛАРДЫ танимыз. Ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі. Сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.

Медиация азаматтық, қылмыстық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты қолданылады. Сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөніндегі туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сотқа түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу саласын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес барлық даулардың 50 пайызға жуығы медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізілген. Біздің мемлекетімізде Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Аталған заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды. Медиацияны жүргізу қағидаттары: еріктілік; құпиялылық; өзара сыйласушылық; тараптардың тең құқылығы; медиатордың бейтараптылығы мен әділдігі; рәсімнің ашықтығы. Медиациялық келісімнің заңға сәйкес орындауға міндетті күші бар.

«SN.kz»-ақпарат.