Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин 2010 жылы зорланған қыздың ісін жеке бақылауына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі оның Facebook желісіндегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"21 шілдеде 2010 жылы ОҚО-да зорланған қыздың ісін жеке бақылауға алу туралы өтініш жазылған баспасөз хабарламасы жарияланды. Қыз зорланғанда кәмелеттік жасқа толмаған. Біз жанұяның заңгері Данияр Жиенбаевпен байланысқа шықтық. Даниярдың айтуы бойынша, ІІД жетекшілерімен кездесу болған, 22 тамызға дейін жасалуы тиіс тергеу шараларының жоспары нақтыланған. Біз қажеттілік туған жағдайда қосылуға дайынбыз. Осы жағдай бала құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауына алынды", — деп жазды Аружан Саин.
Тоғыз жыл бұрын Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде 7 жастағы қыз зорланды. Алайда, қылмыскер әлі өз жазасын тартқан жоқ. Оның кім екені де анықталмады. #НеМолчиKZ бірлестігінің құқық қорғаушылары Аружан Саиннан осы жағдайды өз бақылауына алуды сұрады. Жәбірленген қыздың жанұясы істі әдейі жауып қойды деп ойлайды. Полицияның баспасөз қызметі күдіктіні тауып, жазалау мүмкін емес болғанын алға тартады. Бүгінгі күні ҚР ҚК-нің 120 (Зорлау), 121(Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бабы бойынша, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары, қосымша сараптамалар комплексі жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінің жетекшісі істі жеке бақылауына алды.