28.07.2019, 18:01

Судья пойызда ақтөбелік қызды зорлаған жолсеріктерге неге 2,5 жыл бергенін түсіндіріп берді

Tengrinews
«Мысалы екі адам қатысқан зорлауда біреуі ауызын ұстап, қолын басып, екіншісі зорлық әрекеттерін жасайтын болса, бұл топтық зорлауға жатар еді. Ал бұл істе ондай деректер жоқ», - дейді судья С.Оразбай.

Сот пойызда адам зорлағаны үшін қылмыскерлерге неге 2,5 жыл бергенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Қостанайда «Тұлпар-Тальгода» болған зорлық оқиғасына байланысты екі жолсерікке сот шешім шығарды. Сот өзінің шешімін түсіндіріп берді. Ол сот отырысы жабық түрде өткізілгенін және сот шешімі әлі өз күшіне енбегенін ескертіп, журналистерге әлі нақты ештеңе айта алмайтынын жеткізген. 

«Үмбетәлиев пен Құрманиязовтың ісі ҚР Қылмыстық Кодексі 120-баптың 2-бөлім, 1-тармағы зардап шегуші Құрманованы алдын ала келісім бойынша топтық зорлау ісі бойынша сотқа келіп түсті. Алдын ала жоспарланбаған зорлау - бұл екі немесе одан да көп адамның ешқандай жоспарсыз әрекет жасауы. Мысалы екі адам қатысқан зорлауда біреуі ауызын ұстап, қолын басып, екіншісі зорлық әрекеттерін жасайтын болса, бұл топтық зорлауға жатар еді. Ал бұл істе ондай деректер жоқ. Сондықтан бұл 1-бөлімге ауыстырылып, зорлау ісі ретінде қарастырылды», - дейді судья С.Оразбай.

Мәлеметтер бойынша үш адамның мас болмағаны анықталған. Өйткені ертесі күні Ақтөбе қаласында өткізілген медициналық сараптама нәтижесі бойынша олардың сау болғаны белгілі болған. Ал айыпталушылар зардап шегушімен жыныстық қатынасқа өзінің келісімі бойынша түскенін айтқан.

Ал зардап шегушінің өзі моральдық, материалдық шығын өтеуін талап етпеген. Жазаны жеңілдетуге қылмыскерлердің осыған дейін істі болмағандары және тұратын жеріндегі таныстары тарапынан мінезіне қатысты жақсы пікірлер көмектескен. Сонымен қатар, қамаудағы Үмбетәлиевтің кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. 

«Ал жазалау ісіне қатысты айтатын болсақ, 120 баптың бірінші бөлімі 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айру туралы айтады. Бұл ауыр қылмыстардың қатарына жатпайды. 55-баптың 2- бөлімі 1-тармағы бойынша егер бұрын істі болмаса, жазасын жеңілдетен жағдайлар қарастырса сот орта салмақтағы қылмыстарға белгілі жаза өтеу мерзімінен көп уақыт тағайындай алмайды. Сондықтан, 2 жыл 6 ай көлемінде жазаларын өтеуге шешім қабылданды», - дейді судья.

Қылмыскерлер жазасын Қостанай облысы, Құсмұрын түрмесінде өтейтін болады.