$ 494.87  520.65  4.91

Талғат Аян шартты жазадан мерзімінен бұрын босатылды

Қазір ол Ақтөбедегі қауіпсіздігі орта деңгейдегі КА-168/2 мекемесінде қамауда отыр.

Атыраудағы № 2 қалалық соты 2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін бес жылға сотталып, 2018 жылы шартпен босап шыққан атыраулық белсенді Талғат Аянды бостандығын шектеу жазасынан мерзімінен бұрын босатты.

Белсенің Азаттыққа айтуынша, шартты жазадан босату бойынша сот 24 шілдеде өткен. Бірақ судья Дәуренбек Даумов отырысты кейінге қалдырып, шешімді 26 шілде күні оқыған. Сот Аянның талап арызын жартылай қанағаттандырып, белсендіні 1 жыл 10 айға мерзімінен бұрын босатқан.

Судья Даумов учаскелік полицияға "Талғат Аянның тәртібін бақылауды" тапсырған. Сондай-ақ ол белсендінің "бейбітшілікке, адамзат қауіпсіздігіне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс жасағанын" айтып, белсендіге 3 жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға тыйым салу жазасын күшінде қалдырған.

"Сотқа қатысқан прокурор мен пробациялық қызмет [мені босатуға] қарсылық білдірді. Бірақ судья жазаны өтеуден босатты. Қоғамдық қызметке араласуға салынған тыйым күшінде қалды, бірақ бұл қазір аса маңызды емес. Бастысы – біздің қоғамдағы азаттық ұғымының шеңберіндегі еркін адамға айналдым" деп жазды белсенді өзінің Facebook парақшасында.

Былтыр 14 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Аянның түрме жазасын үш жылдан астам уақытқа бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған соң, белсенді 28 сәуірде Ақтөбедегі К-168/2 колониясынан босап шыққан.

2016 жылы сәуірдегі жер шеруінен кейін атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған. 2018 жылы сот Талғат Аянның түрмеден уақытынан бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырып, оны бостандыққа шығарған.

Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан. Қазір ол Ақтөбедегі қауіпсіздігі орта деңгейдегі КА-168/2 мекемесінде қамауда отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар белсенді Аян мен Боқаевты "саяси тұтқын" деп таныған. БҰҰ сарапшысы "екі белсендінің ісі – Қазақстанның қазіргі жағдайының көрінісі" деп мәлімдеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары