$ 444.22  476.38  4.82

Өскеменде жиһаз жасаймын деп танылған алаяқ 16 адамды алдап келген

Әр тапсырыс берушімен келісіп, тіпті артылып қалған ағаш жаңқаларынан үстел жасап беремін деген құр сөзге сендірген.

Өскеменде 16 адамды алдаған алаяқ ұсталды. Тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді жиһаз жасаймын деп танылған алаяқ екі айға жуық уақыт ішінде 2 миллион теңгені қолды қылды, деп хабарлайды Алтайньюс.

Әр тапсырыс берушімен келісіп, тіпті артылып қалған ағаш жаңқаларынан үстел жасап беремін деген құр сөзге сендірген. Қажетті материалдар үшін алдын ала төлем жасатқан. Алғашқы төлем ретінде тапсырыстың 70%-ын талап еткен, ал оның мөлшері - 39 мыңнан 247 мың теңге дейін.

Бірінші кездесуден кейін ұшты-күйлі жоғалып кеткен кәсіпкер тапсырыс берушілерге мың түрлі сылтау айтыпты. Тіпті, өзінің жеке кеңсесінде қабылдап, адамдарды өтірігіне сендірген. Ақыр аяғында жәбірленушілер тарапынан полиция бөлімшесіне арыз-шағым түсе бастаған. Жедел іздестіру шаралары барысында алаяқ қолға түсті. Осыған дейін де істі болған ол, сот отырысында «Адамдарды алдаймын деген ойым жоқ еді, тапсырыстар көбейіп, үлгермей қалдым» деген сылтауды алға тартқан. Алайда, осымен екінші рет алаяқтық жасаған қала тұрғынына 5 жарым жылға бас бостандығынан айыру жайлы шешім шықты. Сондай-ақ, келтірген шығындарын өтеуге уақыт берілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары