Алматы облысында қоғам белсендісі Галина Арзамасоваға оқ атқан күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz, облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, бұл оқиға 26 тамызда болған еді. Талғар ауданында белгісіз біреулер қоғам белсендісі Галина Арзамасоваға анау-мынау емес, дәл әкімдіктің алдында оқ атқан болатын.
«Ол маған қабылдауға келе жатқан. Неден атқаны белгісіз. Патрон емес, ол жараланбаған. Менің білуімше, ол медициналық көмектен бас тартқан. Полиция келіп, оқиғаны тіркеді. Сосын қабылдауға кірді. Ойындағысын айтты. Қазір бейнебақылау камераларын қарап жатырмыз», – деген еді сол кезде аудан әкімі Дәрмен Қадырбекұлы.
Полициядағылардың мәліметінше, белсендіге оқ атты деген күдікпен бүгін Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Панфилов аудандық округінің әкімі Нұрғали Аппазов пен оның жүргізушісі Ғани Сманов ұсталып отыр.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.