$ 445.66  474.58  4.78

Алматыда күдіктінің анасынан ақша сұраған «полиция қызметкері» ұсталды

Алаяқ әйелге баласын қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға болатынын айтып сендірген. Бұл қызметі үшін ол әйелден қомақты қаржы талап еткен.

Алматыда өзін ішкі істер органдарының қызметкерімін деп таныстырған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ол Алматының 33 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Ж. деген әйелден баласына қатысты сотқа дейінгі тергеуді тоқтату үшін 1 миллион теңге сұраған.

«Бұл әйелдің ұлына күдікті ретінде қылмыстық іс қозағалып, тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы алаяқ таныстары арқылы білген. Ол біреудің басына түскен жағдайды өз пайдасына шешпек болған. Күдіктінің анасына қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқ әйелге баласын қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға болатынын айтып сендірген. Бұл қызметі үшін ол әйелден қомақты қаржы талап еткен», - дейді Алматы қалалық ПД Ішкі қауіпсіздік басқармасының бастығы Айдын Қабдулдинов. 

Бейтаныс адамнан күдіктенген әйел дереу Алматы қалалық ПД Ішкі қауіпсіздік басқармасына арыз түсірді. Ақпаратты тексергеннен кейін оның ішкі істер органдарының қызметкері емес екені анықталды.

«Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК 190-бабы «алаяқ» бойынша тіркелді. Полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты жедел және арнайы іс-шаралар өткізді. Ақша алу фактісі қаладағы дәмханалардың бірінде тіркелді. 990 мың теңге көлемінде ақша алған күдікті қылмыс үстінде ұсталды», – деді Қабдулдинов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары