$ 444.22  476.38  4.82

Үкім оқыған судья мен алқа билердің залдан қашып шығуына тура келді

Соңғы сот процесіндегі азан-қазан ахуал арнайы жасақ сарбаздарының келуімен сап тыйылды. Судья қайта кіріп, жарты жылға созылған соттың үкімін оқыды.

Алматыда ұлын өлімші етіп сабады деп айыпталған Мұрат Асқароғлы ақыры сотталды. Өз әрекетімен елдің есін алған қатігез әке 5 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды КТК.

Судья бірден үкімді оқуға кірісті. «Мұраттың кінәсі толық дәлелденді» дегені сол-ақ еді, Асқароғлы әулетіндегілер айғайға басты. Көз жасын көл қылған туыстары бірінен кейін бірі құлап, есінен танып жатты. Мұндай дүрбелеңді күтпесе керек, судья мен алқа билер залдан шығуға асықты.

Сот залын басына көтергендер айыпталушының «сүттен ақ, судан таза» екеніне сенімді.

«Алқа билерді келістіріп қойған. Олар біздің көзімізге тіке қарай алмады. Әділетсіз шешім. Менің бауырым қылмыс жасаған жоқ», – дейді сотталушының әпкесі Ася Дусарова.

Соңғы сот процесіндегі азан-қазан ахуал арнайы жасақ сарбаздарының келуімен сап тыйылды. Судья қайта кіріп, жарты жылға созылған соттың үкімін оқыды. Осылайша Мұрат Асқароғлы ауыр дене жарақатын келтірді деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Мұрат Асқароғлы Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлімінің 3-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. Алғашында оған кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылған еді. Алайда алқа билер мен сот ақылдаса келе, әкенің іс-әрекетін одан гөрі жеңілдеу қылмыс деп таныды», – деді судья Еркін Майшинова.

Еске салсақ, 4 жасар Мұхаммед өткен жылдың шілдесінде қалың ағаштар арасынан шала-жансар күйі табылған. Алғашында жақындары бүлдіршінді көлік қағып кеткенін алға тартқан. Көп ұзамай, полиция нағыз сұмдықтың бетін ашты. Тергеушілердің мәліметінше, шынашақтай ұлды туған әкесі таспен самайынан ұрып, кілемге орап кетіпті. Ал қатты соққыдан бас сүйегі зақымданған Мұхаммед жарты жыл ем-дом қабылдады дейді туыстары.

Баланың денсаулығы қазір жақсы. Бүлдіршін жантүршігерлік оқиғаны ұмытып, әкесін қатты сағынатын көрінеді. Сондықтан Асқароғлы әулеті алдағы уақытта «апелляцияға жүгінеміз» деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#судья #үкім