Ақмола облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, «Ақмола - адалдық алаңы» жобасының шеңберінде Ақмола облысының ювеналды полициясының қызметкерлері «Саналы ұрпақ» клубының және жобалық кеңсенің өкілдерімен бірлесіп, кәмелетке толмаған балалардың құқық бұзушылықтарын анықтауға және алдын алуға бағытталған рейдтік-алдын алу шараларын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шара барысында полиция органына 2 кәмелет жасқа толмаған студент жеткізілді. Оның бірі - 16 жастағы жасөспірім үй маңында темекі тартқаны үшін ұсталды. Тергеу шарасы барысында баланың ата-анасының қалада тұрмайтыны, оны тәрбиелеумен әжесі айналысатыны анықталды. Кәмелет жасқа толмаған баланың өз кінәсін мойындағанын және бұған дейін жауапқа тартылмағанын ескере отырып, жұмыс тобының өкілдері онымен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында әңгімелесіп, ауызша ескерту жасады», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ, жұмыс тобы мас күйінде жүрген 17 жастағы қызды ұстады. Медициналық тексеріс кәмелеттік жасқа толмаған қыздың жеңіл мас күйде болғанын анықтады. «Ұсталған қыздың 19 жас шамасындағы құрбысы жалдамалы пәтерде жасөспірімге сендіру және мәжбүрлеу арқылы алкоголь ұсынған екен. Рейдтік шаралар барысында кәмелет жасқа толған қыз ұсталып, ҚР ӘҚбК-нің 131-бабы бойынша жауапқа тартылды», - деп толықтырды ведомстводан.